Қазақстан әлемдік сауда ережесін әзірлеу ісіне қатысу мүмкіндігіне ие болды - М.Медведков

«Біз процестің, яғни, формальды бөлігінің іс жүзінде аяқталғанына қуаныштымыз. Женеваға қатысты шаралар соңына жетті. Ендігі бөлігін Қазақстан Парламенті жүзеге асыруға тиісті. Меніңше, бұл реттегі шаралардың барлығы еш кедергісіз жүзеге асырылатын болады. Содан кейін біз ағымдағы жылдың желтоқсан айындағы ДСҰ мүшелерінің министрлік конференциясында Қазақстанмен және Еуразиялық одақтың басқа да мемлекеттерімен бірлесіп, сәйкесінше мүдделерімізге орай бірыңғай ұстаныммен шығатын боламыз. Өйткені, ортақ мүдде үшін Қазақстан және басқа да мемлекеттер ДСҰ-ға мүше болып отыр», - деді ол.
Оның атап өтуінше, Кеден одағы құрылғаннан кейін Ресей мен Қазақстанның аталған ұйымға кіруіне байланысты бірқатар кедергілер болған. Дегенмен, қазақстандық және ресейлік келіссөзшілер тариф мәселесінде өз ұстанымдарын қорғап қала алды.
«Бізде көптеген сценарийлер болды. Нәтижесінде біздер уағдаластыққа қол жеткіздік. Менің ойымша, тиімді мәмілеге келдік. Өйткені, ол Одақ мүшелерін қазіргі уақытта тарифтерін төмендетуге міндеттемейді. Бұл мәселе шамамен алдағы алты жылдың ішінде шешіледі», - деді М.Медведков.
Сонымен қатар ол шет мемлекеттермен сауда-саттықты жолға қойғанмен ортақ ереже әзірлемеу дұрыс емес деп санайтындығын баса айтты.
«Қазақстан халқы үшін ең бастысы алдағы уақытта қазақстандық келіссөзшілер әлемдік сауда ережесін әзірлеу ісіне қатыса алады. Соған сәйкес Қазақстан үшін, ЕАЭО үшін тиімді шешімдер әзірленетін болады», - деді ол.
Ресейлік шенеунік алдағы уақытта Беларусь бұл ұйымға қосылу жұмыстарын қайта жандандырып, таяу аралықта оның сапынан табылатындығына сенім білдірді.
«Сонда біз бұл ұйымда ортақ ұстанымға ие боламыз. әрине, бұл жайт біздің дауысымызды күшейте түседі. Шындығын айтқанда халықаралық ұйымдарда ортақ ұстанымға ие болу үшін одақ (Еуразиялық экономикалық одақ) құрылып отыр», - деді М.Медведков.
Айта кетейік, кеше Дүниежүзілік сауда ұйымы бас кеңесінің отырысының қорытындысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ДСҰ бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға қол қойған еді.