12:54, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Қазақстан арқылы темір жол транзиті Қытайдан Еуропаға жүктерді жеткізу уақытын екі еседен астамға қысқартады
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың пайымдауынша, Қазақстан арқылы темір жол транзиті Қытайдан Еуропа елдеріне жүктерді жеткізуге кететін жолдағы уақытты екі еседен астамға қысқартады.
Ол бұл пікірін бүгін Астанада өтіп өтіп жатқан Теміржол ынтымақтастығы ұйымы министрлер кеңесінің 37-ші сессиясында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қытайдың Ляньюнган айлағынан Голландияның Роттердам айлағына дейін құрлықтағы бағдармен (Қазақстан арқылы-ред.) контейнерлік пойыздың құрамы шамамен 15 тәулікте жете алады, ал қолданыстағы су бағдары 40 күннен астам уақытты алады», - деді сессияда Ә. Құсайынов. Осы орайда министр бүгінгі таңда жүктерді жеткізу мерзімдерін қысқарту көкейкесті мәселеге айналып отырғанын атап көрсетті. «Қазақстан темір жолы Қазақстан, Ресей, Беларус және Украина айлақтары арқылы Батыс және Орталық Қытайдан Балтық пен Қара теңіз және одан әрі қарай Еуропа елдеріне бағытталған, оның ішінде тартымды тарифтік жағдайды тудыру арқылы контейнерлік бағдарларды ұйымдастыруда белсенді жұмыстар жүргізуде», - деді министр. Бұл ретте ол 2008 жылы Азия-Еуропа жаңа бағдарлары игеріліп, Үрімші (Қытай) ? Гамбург (Германия) ? Шеньчжень (Қытай) ? Пардубице (Чехия), Тяньйзинь (Қытай) ? Кунцево (Ресей) бағыттарында демонстрациялық контейнерлік пойыздар ұйымдастырылғанын атап өтті.Ә. Құсайынов құрлықаралық жүк ағындарын тарту күрделі жұмыс болғанымен айтарлықтай перспективалы екенін айта келе, «тек қана бірлескен іс-қимыл ғана темір жолдардың бірқалыпты дамуын қамтамасыз етеді», - деді.