Қазақстан Астана қаласында БҰҰ аясында Әлемдік және дәстүрлі діндер съездерін өткізуді ұсынып отыр - Н.Назарбаев

Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясында сөйлеген сөзінде айтты.
«Біз менің осыдан он тоғыз жыл бұрын ұсынған Азиядағы ықпалдастық пен сенім шаралары Кеңесін шақыруға қол жеткіздік. Бүгін оның жұмысына Жердің халқының жартысына жуығын қамтитын 29 ел қатысуда. Өткен жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Біз Ұйымның қызметінің барлық өлшемдеріне өзгерістер енгізе алдық», - деді Н.Назарбаев.
Ол атап өткендей, Қазақстан алғашқы рет 11 жылда ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізуге қол жеткізді. Астана декларациясының қабылдануы Еуро-Атлантика мен Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздіктің ортақ және бұзылмас қоғамдастығын құрудағы ЕҚЫҰ мақсаттарын нығайтуға ықпал етті. Қазақстан ЕҚЫҰ мен АӨСШК әлеуетін біріктіре отыра Еуразиялық қауіпсіздіктің бірегей платформасын құру туралы ұсыныс жасады.
«Биылғы жылы Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы төрағалықтың жауапты миссиясын мойнына жүктеді. Біз төрағалықтың барлық күш-жігерін халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту, ислам әлемі мен Батыс арасындағы диалогты дамыту, исламофобияға қарсылық пен жаппай қырып-жою қаруларын таратпау туралы режимді бекітуге жұмсаудамыз. Сомалидегі гуманитарлық дағдарысқа қатысты іс-әрекет ету ИЫҰ-ға сынақ іспеттес болды. Бізге азық-түлік, дәрі-дәрмектер мен Сомалиді экономикалық сауықтыру бойынша бағдарламаларға 350 миллион доллар жинауға мүмкіндік туды», - деп атап өтті ҚР Президенті.
Н.Назарбаев атап өткендей, Қазақстанда бейбітшілік пен келісімде 140 этнос пен 40 конфессия өмір сүріп жатыр. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер съездері жиі жиналып тұрады.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай форумдарды БҰҰ аясында өткізу Қазақстанның ғаламдағы сенімді нығайтуға қосқан үлесі болмақ.