Қазақстан әу бастан ұзақ мерзімді стратегияны таңдаған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел - Ю.Солозобов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әу бастан ұзақ мерзімді стратегияны таңдаған посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел. Бүгін Астанадағы Назарбаев Университетінде өтіп жатқан Қазақстан саясаттанушыларының конгресінде ресейлік саясаткер, Ұлттық стратегиялар институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры Юрий Солозобов журналистерге берген сұхбатында осылай деді.
None
None

Еске сала кетейік, жиын «Қазақстан-2050»: стратегияны жүзеге асырудың алғашқы қорытындылары мен өзекті мәселелері» тақырыбына арналған болатын. Ресейлік сарапшының айтуынша, Қазақстан әлемдегі өзінің 2050-ші жылға дейінгі даму даңғылын айқындаған санаулы мемлекеттердің қатарында тұр. Мұның да өзіндік ерекшеліктері баршылық. «Қазақстан дүние шапшаң өзгерістерге ұшырап жататын әрі жедел дамып келе жатқан Еуразия қиылысында орналасқан ел. Сондықтан да тек Нұрсұлтан Назарбаев секілді келешекті «көре білетін», болашақты болжап қана емес, оны бүгіннен басқара алатын, жаһанданған әлемде әрі нақты бүгінгі уақытта орын алып отырған шалт үдерістерді жете ұғына алатын тұлға ғана өз елін ұшпаққа шығара алады», - деді Ю.Солозобов. Сонымен қатар, саясаткер Қазақстанның посткеңестік кеңістікте әуел бастан ұзақ мерзімді стратегия жолымен жүрген бірден-бір ел екенін атап өтті. Соған орай ол «Қазақстан-2030», сосын «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданғанына тоқтала келе, бұның аса сапалы әрі маңызды қадам екенін атап өтті. «Іс жүзінде Н.Назарбаев 30 жылға ілгері стратегияны ұсынып отыр. Оның мәні баршаға белгілі - Қазақстан әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына енуі керек. Сонымен қатар, стратегияның екінші маңызды қырының бірі - Н.Назарбаев болжамшылар үшін шекті мерзім, бағалау тереңдігінің шегін де ойлап отыр. Үшінші қыры - Н.Назарбаев өз елінің саяси шенділерімен, азаматтық қоғамымен Қазақстанның 30 жылға ілгері дамуын жария және ашық түрде талқылап отыр. Әрине, бұл Н.Назарбаевтың тікелей жеке өз басы үшін еш қажет емес, керісінше мемлекет үшін маңызды мәселе. Бұл өзін-өзі ақтаған және беріктік сынынан өткен «Назарбаев жолының» орнықтылығын сақтау үшін қажет. Менің ойымша, осы жолда Қазақстан мемлекеттің алып кемесі ретінде тек алға ғана жүзе беретін болады», - деп түйіндеді сөзін Ю.Солозобов.

Соңғы жаңалықтар