Қазақстан Ауғанстанға көмек көрсетуде басымдықты адам капиталын дамытуға аударып отыр - ҚР Сыртқы істер министрі

АЛМАТЫ. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Орталық Азия аймағында Ауғанстанға көмек көрсету жоспары бар жалғыз ел болып отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Ыстамбұл үдерісі» елдерінің сыртқы істер министрлерінің ІІІ конференциясы кезінде айтылды.
None
None

«Қазақстан Ауғанстан мәселесіне бұрыннан-ақ ерекше көңіл бөліп келе жатыр. Жағдай қатты шиеленіскен кезде Елбасы бастамасымен Алматыда кездесу өтіп, Қауіпсіздік кеңесіне төтенше жиналыс жасауға өтініш жасалып, арнайы ұйғарым қабылданды. Ауғанстанға көмек көрсету жоспарын жасап, ол 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр. Жыл сайын гуманитарлық көмек көрсетуге, инфрақұрылымдық нысандар салуға айтарлықтай қаржы бөлініп отыр», - деді ҚР сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов. Оның айтуынша, Қазақстан Ауғанстанға астық пен азық-түлік өнімдерін жеткізіп, жол салды. Қазір онда мектеп пен аурухана құрылысы аяқталып келе жатыр. Бұдан бөлек ауған кадрларын дайындау бағдарламасы бойынша Үкімет 500 млн. доллар қаржы бөліп, 1 мың ауған студенттерін, дәрігер, мұғалім, инженер, ауыл шаруашылығы сияқты азаматтық мамандықтар бойынша оқуына көмектесуде. Бұл Ауғанстанның болашақ буынына салынған инвестиция. Қазақстан бұл елге көмек көрсетуде адам капиталын дамытуға басымдық беріп отыр.

Ауғанстаның сыртқы істер министрі Залмай Расулдың сөзіне қарағанда: «адам капиталы қазір кездесіп отырған ең үлкен проблема. Өйткені 30 жылғы соғыста біздің балаларымыз мектепке бара алмады. Қазақстанның көмегі арқылы біздің жастарымыз қазір Қазақстан мен Ауғанстанда университеттерде оқып жатыр. Бұл оларға Қазақстан көрсеткен ең үлкен көмек».

Соңғы жаңалықтар