12:10, 16 Қазан 2012 | GMT +5
Қазақстан аумағында жүрген Украина азаматтары Астана мен Алматыдағы сайлау учаскелерінде Жоғары раданың сайлауына қатыса алады
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 28 қазанында Украинаның Жоғары радасына кезекті сайлау өтеді, деп хабарланды Қазақстандағы Украина елшілігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан аумағында жүрген және сайлау кезінде 18 жасқа толатын Украина азаматтары өзінің дауыс беру құқықтарын екі сайлау учаскелерінің бірінде - Астана қаласындағы Украина елшілігінде немесе Алматы қаласындағы Украинаның Бас консулдығында іске асыра алады.
Қазіргі уақытта елшілік пен Бас консулдық Украина азаматтары туралы мәліметтерді Сайлаушылардың мемлекеттік тізіміне енгізу жұмысын жүргізуде.
Осыған байланысты, өздерінің азаматтық парыздарын өтегісі келетін Украина азаматтары 23 қазанға дейін өздерін сайлаушылар тізіміне енгізу үшін елшілікке немесе Бас консулдыққа келіп, тиісті өтініштерін қалдырулары керек.