Қазақстан австриялық компанияларды еліміздің индустриялық даму шараларына атсалысуға шақырады
Вице-министрдің айтуынша, жағымды инвестициялық климат қалыптастыру мақсатында Қазақстан арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамытуды қолға алып келеді. Мәселен, бүгінгі күні елімізде 6 арнайы экономикалық аймақ, 2 индустриялық аймақтар жұмыс істеуде. Бұдан бөлек Астана, Қарағанды қалаларында да индустриялық аймақтар инфрақұрылымы құрылуда. Бұндай аймақтарда шетелдік инвесторлар үшін айтарлықтай жеңілдіктер қамтылған.
«Біз австриялық компанияларды Қазақстанның кең ауқымда қолға алынған индустриялық даму шараларына атсалысуға шақырамыз. Сонымен бірге, машина жасау саласының экспорттық мүмкіндіктері Қазақстан, Ресей, Беларус арасындағы Кеден одағы аясында да ұлғая түсетіні сөзсіз. Егер бұған дейін көптеген мүмкіндіктер қазақстандық нарықтың ауқымына орай тарылып келген болса, Кеден одағы Қазақстанға инвестиция салатындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан 170 млн. адамды құрайтын нарық қақпасына айналады. Сондықтан да, біз Қазақстан аумағында өзара тиімді бірлескен кәсіпорындар құруға шақырамыз. Өз кезегінде біз Қазақстан аумағында австриялық тараппен түрлі салаларда ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз», деді Н. Әбдібеков.