Қазақстан барлық әлем үшін үлгі боларлық мемлекет – Түрік мәдени орталығының директоры Арслан Мехмет

АНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар қарқынды дамып келеді.
None
None

Түбі бір, тамыры ортақ қазақ пен түрік халықтарының қарым-қатынастары жыл өткен сайын нығайып, ықпалдастықтары сапалы жаңа деңгейге шықты. Бүгінде Қазақстанда да, Түркияда да бауырлас мемлекеттердің өзара байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан түрлі ұйымдар мен орталықтар жұмыс жасауда. Солардың бірі - Астанадағы Эмре Юнус атындағы Түрік мәдени орталығы. Біз аталмыш орталықтың директоры Арслан Мехмет мырзаға жолығып, қазақ-түрік қарым-қатынасындағы орталықтың атқаратын рөлі жайлы, жалпы Қазақстан туралы пікірін сұрап-білдік.

- Ең алдымен Түрік мәдени орталығы жайында айтып берсеңіз? Орталық қашан құрылды, басты міндеті қандай?

- Эмре Юнус атындағы Түрік мәдени орталығы 2010 жылы ашылды. Біз елшілік жанынан жұмыс істейміз. 2010 жылдың мамыр айында орталықтың ресми ашылуына Түркия Президенті Абдолла Гүл келіп қатысты. Біздің жұмыс істей бастағанымызға бір жыл ғана болды. Басты мақсатымыз - екі елдің халқын жақындастыру. Бұл орталық мемлекеттер арасындағы мәдени көпір болып табылады. Көрмелерді, конгрестер мен конференцияларды, концерттерді, түрлі мәдени және ғылыми шараларды ұйымдастыра отырып, түркиялық мәдениетті танытамыз. Сонымен қатар түрлі синпозиумдарды өткізу арқылы Түркияда қазақ мәдениетін насихаттаймыз. Биыл біздің жоспарымызда Анкара және Ыстамбұл қалаларында қазақ көрмесін өткізіп, жалпы Қазақстан мәдениетін, өнерін көрсетпекпіз. Өйткені біздің ортақ ұқсастықтарымыз көп. Тіпті музыкалық аспаптарымыз бірдей секілді. Себебі біздің түбіміз бір.

Осы жылдар ішінде біздің басты проблемамыз - біз бір-бірімізді соншалықты жақсы танымай келгенімізде. Түркиялықтар, ғалымдар мен академиктер Қазақстан жайлы білгісі келгенде, олар ағылшын немесе орыс тіліндегі дереккөздерге жүгінеді. Ал біз олардың бұл мемлекет жайында қазақ тіліндегі әдебиеттерден, тікелей көздерден білгенін қалаймыз. Өйткені орысша жазылған деректер қате, дұрыс және шынайы емес. Мен Мәскеу қаласында магистратурада оқыдым және олардың мағлұматтарында қисынды баға берілмеген. Сондықтан біздің орталық қазақ әдебиетін, саяси және тарихи деректерді түрік тіліне тәржімалау ісіне көп көңіл бөліп келеді. Түріктер қазақтар жайында, Қазақстан жайында көп білсін деген ниетпен бұл жұмысты жасауды қолға алдық. Өз кезегінде қазақтардың Түркия жайында да осы сияқты алғашқы деректерден танығанын қалаймыз. Біздің өлкеде де қазақтар тұрады. Ыстамбұлда тұрғылықты тұрғындардың қатарында этникалық қазақтар өте көп.

- Сіздердің орталықтарыңыз басқа елдерде де қызмет етеді ме?

- Эмре Юнус атындағы Түрік мәдени орталығы Орталық Азияда тек Астанада ашылған. Біздің Еуропа елдері мен АҚШ-та, Мысыр, Сирия мемлекеттерінде 15 филиалымыз бар. Дегенмен Орталық Азияда біз әзірше тек Қазақстанда орталығымызды ашуды жөн көрдік. Тіпті Ресейде мұндай орталық жоқ. Себебі Қазақстан және оның халқы біздің стратегиялық әріптесіміз. Өйткені бұл жерден түркі жұрты шыққан. Тегіміз әуелде осында тараған. Мен мұнда жарты жыл бұрын ең алғаш аяқ басқанда, біздің мәдениеттеріміздің қатты ұқсас екендігін көріп таңқалдым. Сонымен қатар мен Мәскеуде оқып жүріп, орыс деректерінен алған Қазақстан туралы түсінігім жалған болып шыққанына, Астанада тұрып жатқан жарты жыл ішінде оның барлығы далбаса екендігіне көзім жетті. Олар бұл елді тіптен бөлек етіп көрсеткісі келеді.

- Сонда Сіздің түсінігіңіздегі Қазақстан қандай болды және бүгінгі пайымыңыздағы Қазақстан қандай?

- Жалпы Қазақстан барлық әлем үшін үлгі боларлық мемлекет. Бұл елде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, барлық халықтарға бірдей көңіл бөлінген, барлық діндер мен конфессияларға құрмет көрсетіледі. Мұнда ұлт өзгешелігіне бола бір-бірін саусақпен нұқып көрсетпейді. Бұл өте маңызды. Мен 130 ұлт тату-тәтті, достастықта өмір сүріп жатқан елді көрдім. Мен жақында Қазақстан халықтарының концертінде болдым, бұл осы елдегі бірлік пен келісімнің көрінісі. Осыншама түрлі халықтардың жарасым тауып, бірге жүрген жерді мен бұрын-соңды көрген емеспін. Олар бауыр болып кеткен, тонның ішкі бауындай аралас-құралас тұрып жатыр. Мәскеуде ондай жоқ. Басқа елдерде де, Еуропада да жоқ. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы. Мен Елбасыларыңызды қатты сыйлап, құрметтеймін. Оның бәсі менің көзімнің алдында 10 есеге дейін салмақтана түсті. Өзім геосаясаткер болғандықтан, мен мұндағы жағдайды көріп, шынайы бағалай аламын. Расымды айтайын, Сіздердің мемлекеттеріңіз мені қатты таңқалдырады, қанаттандырады. Бұл елді қатты сүйіп кеттім, өйткені маған мұнда ұнайды, Астананы жақсы көремін. Бұл мемлекетте халықтар достастығы өте мықты дамыған. Өкінішке қарай қазіргі уақытта этникалық принципке байланысты Әлемде көптеген түсініспеушіліктер, келіспеушіліктер, көп қақтығыстар болып жатыр. Қазақстан өз елінде бұл мәселені шешіп қойған. Сондықтан шынымен де Қазақстан бүкіл әлемге үлгі боларлық мемлекет. Сіздер бұл жетістіктеріңізді бар дүниеге жар салып, жан-жақты насихаттай алуларыңыз қажет. Басқа елдер Қазақстанның келісім мен толеранттылық моделін зерттесін, түрлі халықтардың бір мемлекет ішінде достастықта өмір сүріп жатқандығын көрсін. Мұндағы этностардың барлығы эмигранттар. Оларды күштеп депортациялады, зорлықпен көшірді. Немістер, кавказдықтар, шешендер мен ингуштар осы өлкеге жер аударылды. Ал жергілікті халық оларды кеудеден итермей, керісінше өздерінің қатарына қосып, қонақжайлықпен қарсы алды.

- Әмре орталығында тіл үйренгісі, түрік мәдениетін танығысы келетіндер көп пе?

- Біздің орталықта шашамен 200 курсант түрік тілін баулып жүріп. Олар қазақ халқының түрлі әлеуметтік топтарынан шыққан адамдар. Олардың қатарында шенеуніктер, түрлі жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер, дәрігерлер, мұғалімдер, тіпті біздің мәдениетке қызығушылық танытқан азаматтар бар. Аптасына бір рет біз осында жиналып, түрік киноларын көреміз. Сондай-ақ түріктердің ұлттық билері үйретіледі. Орталықта қазақтардан құрылған би тобы да бар. Қыздар жиналып, түрік тағамдарын пісіріп, ұлттық асханасын танып жатады. Кейін ол көңілді отырысқа айналып кетеді. Осында шағын көрмелер ашып, Риксос қонақ үйінде және Құланшы орталығында арнайы шаралар ұйымдастырамыз. Сонан соң біз жастарға қолдау көрсетуден жалыққан емеспіз, студенттерге стипендиялар үлестіреміз. Өздерінің зерттеулерімен, еңбектерімен екі елдің арасын жақындастырған ғалымдарға көмектесеміз. Егер мемлекеттер достастығын нығайтатын, қарым-қатынасын одан әрі күшейтетін қызықты жобалар болса біз өз тарапымыздан қал-қадірімізше демеу көрсетуге талпынамыз. Мәселен, өткен жылы 8 курсантты біліктіліктерін жетілдіру үшін Түркияға жібердік, осы сияқты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Туризм» мамандығындағы 20 студентін 3 айға тәжірибелік практикаға апарып келдік. Студенттерге жатын орындарын сайлап, тамағын қамтамасыз еттік, жалақысын тағайындадық. Біз бұны не үшін істеп жатырмыз? Астана өте қарқынды дамып жатқандығын көріп отырсыздыр. Бірер жылдарда Астана Орталық Азияның ірі орталығына айналып шыға келеді, мұнда туризмнің үлкен нарығы пайда болады. Олай болса сапалы отандық мамандар қажет болады. Бұрындары олар студенттерді Қырғызстанға немесе Өзбекстанға жіберіп тұрса, биыл жаз айларынан бастап біз студенттердің Түркияда тәжірибе алып қайтуларына демеушілік жасаймыз. Себебі Түркияда туризм мен инфрақұрылым өте жақсы дамыған. Келесі жылы біз 100 студентке осындай тәжірибеден өтуге мүмкіндік бермекпіз.

Адамдар бізге өз еріктерімен келеді. Өздері тауып, өздері хабарласады. Олар бұнысын түрік мәдениетіне деген жоғары қызығушылықтарымен түсіндіреді. Біреу Түркияны саяхат барысында таныған, біреу болса биі мен өлеңдері арқылы, асханасы арқылы білген. Наурыз мейрамында біз 10 мың адамға арнап дастархан жайдық, сонымен бірге барлық дипломаттардың басын қостық. Біз қазақ жұртының наурыз мейрамын қалай тойлайтынын көрсеттік. Дастархан жайып, қазақтың тағамдарын қойдық. Біз осылайша шетелдік дипломаттарға қазақтың қонақжайлылығын, біздің түсінігіміздегі қазақ мәдениетін танытқымыз келді. Қазақ халқы өте қонақжай, ақ-жарқын халық. Сіздер бұны айдай Әлемге паш етулеріңіз қажет. Бұл қазақ мәдениетінің рухы. Жоғарыда айтып кеткенімдей, мен Мәскеу қаласында 10 жыл тұрдым және ондағы ахуалмен жақсы таныспын. Ал мында жарты жыл тұрып жатсам да, Қазақстандағы тұрақтылық пен келісім маған таңданыс тудырады. Сіздер осында бір отбасындай, барлықтарыңыз бірге, бүкіл ұлттар біртұтас болып кеткенсіздер. Бұл - Қазақстанның жетістігі. Бұл - Сіздердің Президенттеріңіздің және мемлекеттеріңіздің дана саясаты. Елбасыларыңыз басқа да этностарға барлық жағдай жасап берді, олар үшін мәдени орталықтар ашқан, бұл өте дұрыс қадам. Мен сыртқы саясат маманы болғандықтан, Еуропадағы, басқа да елдердегі жағдайды білемін. Барлығында этникалық араздық пен алауыздық өршіп тұр. Алайда олар өздерін жақсы жарнамалай алады, жақсы қырынан көрсете алады. Біз - түркі халықтары өте ынсапты, қарапайымбыз. Көп іс атқарамыз, бірақ соны жария етуден аулақпыз, сіңген еңбегіміз туралы айта бермейміз.

- Қазақстанның бейбітшілік, достастық пен келісім моделінің негізі, мәні неде деп есептейсіз?

- Бұл тарихи қалыптасқан дүние. Қазақтар бұрындары әрқашан да мықты мемлекетке ие болып келген халық, ел тарихында талай өрен хандар болғаны да белгілі. Қазақстанның тарихы өте терең, мәдениеті бай. Қазақ халқы көпті көрді, талайын басынан кешті, бірлігі жарасқан халықтың мемлекеттілік тарихы бағзы замандардан бастап қалана бастады. Осының барлығы Сіздердің мәдениеттерңізде, халықтарыңызда, мемлекет келбетінде, өмір салтында көрініс тапты. Көптеген елдер қысылтаяң шақта мәселені күшпен, митингілермен, көтерілістермен шешуге талпынады. Қазақтар болса, ақылмен шешім табады. Қазақстанда да өте ауыр кезеңдер болды, бірақ абадан мінезді халық оны өзінің төзімділігімен, шыдамдылығымен еңсерді. Мысалы, Кеңес Одағының іргесі сөгілген тұста Қазақстан аса қиын жағдайда қалды. Жер территориясы үлкен, халқы аз, тіпті мемлекет құраушы қазақтардың саны халық санының жартысына да жетпеді. Осындай жағдайдың өзінде ешбір жағымсыз толқулар мен бүлік болмады. Себебі Сіздердің қонақжайлықтарыңыз мемлекеттік деңгейде, мәдениет деңгейінде дамыған. Тіпті елдегі этно-мәдени орталықтар бір шаңырақ астына топтастырылған, оларды ешкім бөліп-жарып отырған жоқ. Яғни, Қазақстан өте дұрыс саясат жасап отыр. Бай тарих пен мәдениет мемлекеттің салиқалы саясатымен қиюластырылған кезде - мемлекет табысқа кенеледі.

- Қазақстанға ең алғаш келгенде Сізді біздің елде нендей нәрселер таңқалдырды?

- Екі нәрсе мені таңқалдырды. Олар - Қазақстан адамдары мен Астана қаласы. Ең алдымен мені бұл елдің адамдары сүйсіндіреді. Олар өте жайсаң, шырайлы. Мұнда кез келген адам Астанаға келіп, ол түрік, қытайлық, американдық болсын өзін үйде жүргендей сезіне алады. Мәскеуде менің көптеген туыстарым, достарым тұрады, мен онда 10 жыл оқыдым, әйелім де орыс, алайда ол жақта мен үйімде жүргендей сезінбедім. Ал мұнда жарты жыл ғана уақыт тұрсам да, үйімдегідей еркін жүремін. Астанаға келген адам, осында қайта келгісі келіп тұрады. Қазақ ұлты өте әдемі халық екендігін атап өткім келеді. Қазақтардың жүздері өте жарқын, реңді, қонақжай мінездері болса, әрбір адамды өзіне жылы тартады. Бұл басқа елдерде жоқ. Сонымен бірге маған Сіздердің елордаларыңыз ұнайды. Ресейде тұрып жүргенімде Қазақстанда осынау ауқымда қала салынып жатқандығынан хабардар болған жоқпын. Мен мұнда кішігірім қалашықты көрем деп ойладым.

- Эмре атындағы орталықтың алдағы жоспарлары қандай? Мүмкін ірі жобалар өткізу ойда бар шығар?

- Биыл біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап көптеген ірі жобалар дайындап отырмыз. Ыстамбұлда үлкен концерт ұйымдастыруды межелеп қойдық. Онда қазақтың бай мәдениетін түріктерге көрсетпекпіз. Оған өте үлкен ғалымдарды, декандарды, профессорларды, өте танымал тұлғаларды шақырамыз. Бұл өте үлкен шара болады. Олардың қазақ халқы туралы танып-білуіне жағдай жасаймыз. Деңгейі жоғары көрмелер жасап, онда Астана мен Алматының фотографиялық хронологиясын, Қазақстан қалалары түсірілген фотоларды қоямыз. Қазақтың танымал суретшісі Лейлә Махаттың көрмесі өтеді. Ал Астанаға Түркияның атақты пианиношысын шақыртамыз. Бұлардың барлығы жыл соңында, Қазақстан Тәуелсіздігі мерекесіне жақын кездері өткізбекпіз.

Қайырымдылық мақсатында осында білікті дәрігерлер мен хирургтарды әкелеміз. Мүгедек адамдарға ота жасап, аяғымен жүре алмайтындарға арнайы арбалар сыйға тартамыз. Бұл өте үлкен жоба, бізде тұтастай бір үлкен команда әлі де болса ол бойынша жұмыстар жасап жатыр. Біз адамдарға көмектескіміз келеді. Бұның барлығы Қазақстан халқына сый ретінде жасалады. Біздің басты мақсатымыз - мәдениеттеріміз бен ғылымымыздың өзара байланысын күшейту. Ыстамбұлда Қазақстанның мәдени орталығы ашылғанын қалаймын. Еуропалықтар баяғыда-ақ барлық мемлекеттерде осындай орталықтар ашып қойған. Неге әлем неміс, испан, америка, ағылшын мәдениетін жақсы біледі. Өйткені олардың осы іспеттес орталықтары барлық елдерде жұмыс істейді.

- Сұхбатыңызға рахмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз!

Соңғы жаңалықтар