Қазақстан Беларустың кәсіби-техникалық білім беру жүйесінде мамандарды келісімшарт негізінде дайындағысы келеді - Елбасы
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Беларустың кәсіби-техникалық білім беру жүйесінде 220 оқу мекемелері бар екенін, оларда 300 мамандық бойынша 133 мың адам оқып жатқанын білеміз. Сіздер ол мамандарды келісімшарттар бойынша дайындайсыздар. Қазақстан осы келісімшарттарға қосылғысы келеді», - деді келіссөздер барысында Н. Назарбаев.
Осы орайда Елбасы Қазақстан мен Беларус арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап көрсетті. «Бізде орта арнайы буындағы мамандарды дайындауға мұқият назар аударылып жатқанын ескерсек, Беларустың кәсіби-техникалық кадрларды дайындау жөніндегі тәжірибесі өте пайдалы болады. Біздің индустрияландыру бағдарламамыздың жүзеге асырылуына байланысты бұл айрықша маңызға ие бола түсуде», - деді Мемлекет басшысы.