Қазақстан біз үшін маңызды әріптес болып табылады - Жапонияның Үкімет басшысы
Премьер-министр Синдзо Абэ Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ізгі тілектестігін жолдады. Үкімет басшысы Қазақстан Жапония үшін маңызды әріптес болып табылатынын және екіжақты қатынастарды нығайту үшін бар күш-жігерін салуға ниетті екенін жеткізді. С.Абэ сондай-ақ табысты ынтымақтастықтың елеулі бөлігі ретінде парламентаралық байланыстарды одан әрі өрістету жайында айтты.
Өз кезегінде Қ.Мәми Қазақстан Жапонияны Азия құрылығындағы маңызды әріптесі ретінде қарастыратынын және стратегиялық әріптестікті дамытуға ұмтылатынын атап өтті. Еліміздің парламентаралық үнқатысуды ілгерілетуге, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге әзірлігі айтылды.
Жапония Парламенті Кеңесшілер палатасының Президенті К.Хиратаның пікірінше, Қазақстан мен Жапонияның қатынастары достық байланыстармен және түрлі саладағы ынтымақтастықпен сипатталып отыр. Биылғы ақпан айында тараптар Инвестицияларды қолдау және ырықтандыру келісім-шарты жобасын дайындауды аяқтады, қазіргі кезде құжат ресми қол қоюға әзірлік үстінде. Жапония парламенті жоғарғы палатасының төрағасы осы Келісімнің қабылдануы екі ел арасындағы инвестициялық және гуманитарлық алмасулардың одан әрі өрістеуіне жол ашады деп сенім білдірді. К.Хирата сондай-ақ, бұл мақсатқа парламентаралық өзара іс-қимыл да ықпал етуі тиіс, деп атап өтті.
Қ.Мәми екі елдің өзара жан-жақты іс-қимылын нығайту үшін парламентаралық байланыстардың елеулі әлеуеті туралы тұжырымға қолдау білдірді. Оның пікірінше, Жапония Парламенті палаталары басшыларының Қазақстанға сапары ынтымақтастыққа жаңа серпін берер еді.
Токиоға сапар аясында қазақстандық парламентшілер сондай-ақ Синтоистік храмдар қауымдастығының президенті Цунекио Танакамен де кездесті. Ц.Танака 2012 жылғы мамырда Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезіне қатысып, Діни лидерлер кеңесіне мүше болып сайланған болатын.