Қазақстан БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен тығыз ынтымақтастықты жалғастырады - К. Мәсімов

Бұл туралы бүгін Астанада Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі экономикалық және әлеуметтік ахуалдың биылғы шолуын таныстыруға арналған шарада ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Осы орайда Премьер-Министр халықаралық ынтымақтастық бойынша ЭСКАТО-ға қатысушы елдермен ықпалдастыққа баса назар аударылып отырғандығын атап өтті. К. Мәсімовтың сөзіне қарағанда, Қазақстан БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен және БҰҰ-ның басқа да агенттіктерімен тығыз ынтымақтастықты бұдан ары қарай да жалғастырады.
Премьер-Министр өз сөзінде Қазақстанның дағдарыстан кейін дамуы Үкіметтің дағдарысты еңсеру бағытындағы шараларды жедел атқаруына байланысты болғанын айтып өтті.
«Тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізу - өсімнің жаңа көздерін құруға және еліміз азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктерді ашуға жағдай жасайды. Сондықтан да біз осы ұстаным бойынша Қазақстанның бүгінгі және болашақ ұрпағы үшін гүлденуді қамтамасыз етуге тырысудамыз»,-деп атап өтті К. Мәсімов.
Үкімет басшысы халықаралық бәсекелестік қатаң талаптар бойынша іске асырылатынына тоқтала келе, осыған байланысты инновацияларды игерудің өзектілігі бұрынғыға қарағанда артып отырғанын жеткізді. Мемлекеттік саясат елдің маңызды активтеріне инвестиция салуға бағытталып отыр. Бұл тұрғыда жыл сайын білім берудің сапасын арттыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін жақсартуда шаралар үздіксіз қабылдануда.
Айта кетейік, Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша экономикалық және әлеуметтік комиссиясы 1947 жылы құрылды. ЭСКАТО аталған өңірдегі экономикалық және әлеуметтік мәселелермен айналысады.