Қазақстан делегациясы мұсылман елдерінің Ислам және уақыф істері жөніндегі министрлерінің конференциясына қатысты

АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат - Мамырдың 24-25-інде Жиддада мұсылман елдерінің Ислам және уақыф істері жөніндегі министрлерінің кезекті конференциясы өтіп, онда зияткерлік қауіпсіздік мәселелері мен оны қамтамасыз етудегі уақыф министрліктерінің рөлі талқыланды.
None
None
ҚазАқпаратқа бұл туралы сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен хабарлады. Сауд Арабстанының Королі Абдалла бен Әбдел Әзіздің ұйытқы болуымен осымен сегізінші рет өтіп отырған форумға әлемнің 62 елінің өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясын мүфтидің орынбасары Мұхаммад-Хусейн Алсабеков бастап барды. Конференция барысында мұсылман елдерінің қоғамдық-саяси өміріндегі мемлекеттік діни құрылымдардың рөлдерін арттыру мен ұстанымдарын нығайтуды жолдары, ішкі және сыртқы ығыттарға қарсы күресу, түрлі конфессиялар мен мәдениеттердің арасында диалогтар жүргізу мәселелері талқыланды. Форумға қатысушылар сондай-ақ әлемдегі соңғы геосаяси және діни жағдайлардың өзгеруі аясындағы ислам ойлары мен діни ілімдердің қайта құрылу мәселесіне тоқталды. Форумның бас ұйымдастырушысы - конференцияның атқарушы комитетінің төрағасы Сауд Арабстанының ислам, уақыф істері жөніндегі министрі Салех бен Әбдел Әзіз әл аш-Шейхтың айтуынша, «Корольдік басшылығы бүгінде ислам әлемінің алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге үлес қосатын осынау діни форумды өткізуге айрықша мән беріп отыр». Ол сондай-ақ «Сауд Арабстанының ислам ойларын қорғау және оларды тарату жөніндегі мұсылман елдерінің барлық күш-жігерлеріне қолдауын жалғастыруға ниетті» екенін атап көрсетті. Форум қорытындысы бойынша Жидда декларациясы қабылданып, онда әлемдегі ислам бірлестіктерінің алдағы қызметтерінің негізгі бағыттары мен мұсылман қоғамдастығының алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуде оларға атсалысуын арттыру жөніндегі ұсыныс-кеңестер анықталды. Қазақстан делегациясының жетекшісі форум аясында Сауд Арабстаны, Мысыр, Катар, Ирак, Жибути елдерінің ислам және уақыф істері жөніндегі министрлерімен, Түркия, Босния және Герцоговина, Ливан, Сирия елдерінің жоғары мүфтилерімен екіжақты кездесулер өткізді. М.Алсабеков өз сөзінде, шілде айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезіне тоқталып өтті. Шетелдік делегациялардың басшылары Қазақстанның елордасында өтетін осынау шараға өз мүдделіліктерін білдірді және түрлі конфессиялар мен мәдениет өкілдерінің арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру, бейбітшілік орнату жөніндегі біздің республикамыздың іс-әрекетіне жоғары баға берді. Саудия мен Мысырдың ислам және уақыф істері жөніндегі министрлері шейх Салех Әл аш-Шейх пен Махмуд Закзук, өз елдерінің басшылары Қазақстан Президентінің осынау бастамасына ерекше мән беретінін айта келе, олардың жоғары деңгейдегі форумға қатысу ниеттерін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар
Референдум