Қазақстан ДСҰ-ға кіру мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, өз мүддесі үшін Кедендік одақ құруға барып отыр - Ө. Шөкеев

АСТАНА. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан ДСҰ-ға кіру мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, өз мүддесі үшін Кедендік одақ құруға барып отыр. Бүгін республиканың жетекші телеарналар журналистеріне сұхбат берген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дүниежүзілік сауда ұйымы - біздің стратегиялық басымдығымыз. Біз өз ұстанымымызды еш ауыстырмаймыз. Қазақстан ДСҰ-ға қатысты келіссөздерді 8 жыл бойы жүргізсе, Ресейде ондай келіссөздің басталғанына 14 жыл болыпты. Әрине, ДСҰ қарапайым қатардағы мәселенің бірі емес. Ұйымға кейбір елдер секілді оның барлық талаптарымен келісіп-ақ кіруге де болады. Бірақ, бұл біздің ғаламдық бәсекелестікке әзір емес өндірісшілеріміз, отандық кәсіпорындарымыз үшін ең ауыр соққы болатын еді. Сондықтан да, біз Кедендік одақ аясындағы әрбір ұстаным мен қызметтер, субсидия, бәсекелестік саясаты бойынша өте салмақты келіссөздер жүргізіп келеміз. Ал ДСҰ дегеніміз біздің барша әлеммен, барлық сауда әріптестерімізбен өзара байланысымызды реттеу дегенді білдіреді», деді Ө. Шөкеев.

Оның айтуынша, бүгінгі Қазақстанның барлық сыртқы сауда айналымы 110 млрд. долларды құраса, оның ішінде 70 млрд. доллары экспортты, 40 млрд. импортты құрайды. Экспорттың 60 млрд. доллары алыс шетелдерге тиесілі болса, 10 млрд. доллар жақын ТМД елдерінің үлесінде екен. «Ал сол 60 млрд. доллардың ауқымды бөлігі  біздің шикізаттық ресурстарымыз болып отыр. Сол үшін де біздің шикізаттық экспортымызға мүдделі елдер өте көп. Ал 40 млрд. доллар импортқа келетін болсақ, бұның тең жатысы ТМД-ға тиесілі. Сондықтан да, Қазақстанның Ресей және Беларус елдерімен өзара байланысы, сондай-ақ қалған әлеммен байланысы бір деңгейде десе де болады. Дейтұрғанмен, Қазақстанға ДСҰ-ға кіру мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, біз өз мүддеміз үшін Кедендік одақ құруға барып отырмыз. Бұдан Қазақстанның ұтары көп деп те айтуға болады. Біз сондықтан да ДСҰ-ға Кедендік одақ аясында бірге кіруге, бір шартпен өтуге келістік», деді Ө. Шөкеев. Оның пайымдауынша, Қазақстан үшін ДСҰ мәселесі өзектілігін жоғалтпайды, алдағы уақытта бұл бағытта белсенді түрде келіссөздер жүргізіле беретін болады.

Соңғы жаңалықтар