Қазақстан экономикасы тұрақты дамуда

АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Осы аптада ағымдағы жылдың соңғы отырысын өткізген Үкімет 11 айдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысын шығарып, Жаңаөзенді қалпына келтіру, жұмыстан шығып қалған мұнайшылары еңбекпен қамту бағытында жұмыс атқарып жатқан комиссияның қызметімен жете танысты.
None
None

Жиынға Ақтаудан тікелей байланысқа шыққан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің мәлім етуінше, жұмыстан шығарылған қызметкерлерді еңбекпен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде аталған азаматтардан жұмысқа тұру туралы 104 өтінім түскен. Сонымен қатар Жаңаөзенде қаза болғандардың отбасыларына 1 млн., ал жарақат алғандарға 500 мың теңгеден қаржы бөлінбек. Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысына еліміздің әр өңірінен 100 млн. теңгеден көмек беруді тапсырып, аталған облыстың басшысы Бауыржан Мұхамеджановқа өңірдің арнайы азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытында шаралар қабылдауды жүктеді. Ал бұқаралық ақпарат беттерінде жарияланып жүрген дәйексіз ақпараттарға назар аударған Премьер-Министр: «Бүгінде сын айтушылар, қауесет таратушылар өте көп. Кейбіреуі оны білместіктен, ал кейбіреулері қасақана және басқа да себептермен әртүрлі қауесет таратуда», - дей келе Байланыс және ақпарат министрлігіне арнайы екі топ құрып, оларды уақытша Ақтауға және Жаңаөзенге болып жатқан оқиғалардан хабар тарату үшін арнайы сапарға жіберуді тапсырды.

11 айдағы ЖІӨ 7,5 пайыз

Осыдан кейін елдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалына кеңінен тоқталған ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру жыл басынан бастап экономиканың тұрақты дамуына мүмкіндік бергенін атап өте келе: «Алдын ала бағалау бойынша қаңтар-қарашадағы жалпы ішкі өнім 7,5 пайызға өсті. 11 айдың ішінде қысқа мерзімдік экономикалық индикатор 7,53 пайызды құрады» - деді. Министрдің атап өтуінше, тау-кен өндіру секторының 1,6 пайыздық өсіміне қарағанда, өңдеуші өнеркәсіптің өндірісі 6,7 пайыздық қарқынмен жоғары өсім көрсетіп отыр. Оның ішінде химия өнеркәсібінің өнімі - 22,5, машина жасау, металлургия өнеркәсібі - 6,7 пайыз өсім көрсетуде. Толықтай алғанда, өнеркәсіп өндірісінің өнімі 3,8 пайызды құрайды. Елімізде макроэкономикалық тұрақтылық сақталып отыр. Бұл ретте үкіметтің тарифтік реттеу мен бәсекелестікті дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке бағаның едәуір өсуіне жол бермеуге бағытталған белсенді шаралары экономикаға жасалатын инфляциялық қысымды төмендетуге мүмкіндік берді. Инфляция 2010 жылғы қарашадағы 0,8 пайызға қарағанда, ағымдағы жылдың қарашасында 0,6 пайызды құрады. Инфляция деңгейі 2011 жылға қаңтар-қарашада 7 пайызды құрады немесе өткен сәйкес кезеңнің көрсеткішінен 0,1 пайызға таман төмендеді. Жылдық мәндегі инфляция 7,8 пайыз деңгейінде сақталады және жылдың соңына жоспарланған 6,8 пайыздық дәлізде тұр. Сыртқы сауда айналымы да 39,7 пайызға артып, 101,1 млрд. АҚШ долларын құрады, тауар экспорты 48,2, импорт - 22,4 пайыз өсім көрсетті. Ағымдағы жылдың 10 айында Кеден одағы елдерінің өзара саудасы 43,3 пайызға өсті. Оның ішінде экспорт - 51,4, импорт - 39,8 пайызды құрады.

Айтпақшы, Үкімет әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайға кешенді шаралар әзірлеп те отыр. Осы жайында кеңінен баяндаған Қ.Келімбетов: «Кәрім Қажымханұлы, сіздің тапсырмаңызбен құрылған жұмыс тобы мүдделі мемлекеттік органдар мен даму институттары өкілдерінің қатысуымен әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайға кешенді шаралар құрды. Ол шұғыл әрекет ету шаралары бойынша нақты сынақтан өткен және жан-жақты есептелінген», - деді.

«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда

Ағымдағы жылы Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі халықтың тұрмыс деңгейі мен сапасын арттыру бағытында бірқатар шараларды іске асырды. Зейнетақы төлемдерінің, мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақылардың, әлеуметтік төлемдердің көлемі ұлғайды. Мәселен, аталған ведомство басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың атап өтуінше, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 374,9 мың ана бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы, 144,5 мыңнан астам ана бала күтіміне берілетін жәрдемақы, 54,6 мың ата-ана мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге арналған төлемдерді алды. Есепті кезеңде ілкі жоба ретінде жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына, 6 айдың ішінде 84 мыңнан астам адам өтініш білдірді. Жергілікті атқарушы органдардың ресми деректері бойынша ағымдағы жылдың 26 желтоқсанындағы жағдайға сәйкес қаралған өтініштер негізінде 58 мыңнан астам адам бағдарламаға қатысушылардың қатарына енгізілді. Айта кетерлігі, әлеуметтік келісімшартқа қол қойғандардың 60 пайызға жуығын 29 жасқа дейінгі азаматтар құрап отыр. Өз біліктіліктеріне сәйкес бос жұмыс орындарына 6, 2 мың адам орналастырылды. Сонымен қатар осы бағдарлама аясында қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 833 жеке тұрғын үйдің жне 64 көп пәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайыздан 5,3 пайызға төмендеді.

Қазақстан 2012 жылы ДСҰ-ға кірмек

2011 жылдың 1 қаңтарынан Бірыңғай экономикалық кеңістік құруға арналған келісімдер күшіне енетіндігін атап өткен Үкімет басшысының айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы болып Ресей Федерациясынан Виктор Христенко тағайындалған. Ал Қазақстан тарапынан алқаның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі мүшесі болып Даниал Ахметов, экономика және қаржы саясаты жөніндегі мүшесі болып Тимур Сүлейменов, бәсекелестік және антимонополиялық реттеу мүшесі болып Нұрлан Алдабергенов бекітілген. Еуразиялық экономикалық комиссия туралы келісімге қол қойылған және комиссия кеңесі мен комиссия алқасы деп аталатын 2 ұлтүсті органдар құрылды. Сонымен қатар жиын барысында сөз алған ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Жанар Айтжанова 2011 жылы атқарылған жұмыстарға және келер жылы атқарылуы тиіс міндеттерге кеңінен тоқтала келе: «2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай экономикалық кеңістік құруға арналған келісімдер күшіне енеді. Кеден одағы аясындағы тауарлардың еркін айналымымен қатар осы үш мемлекеттің арасында қызмет, капитал және еңбек ресурстарының еркін жүруіне жағдай жасалып отыр», - деді. Жалпы оның атап өтуінше, келер жылдың соңына таман Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі ықтимал. Қазіргі таңда тауарлар мен қызметтер нарығына ену бойынша екіжақты келіссөздер аяқталған. Тек Аргентина мен Сауд Арабиясымен ғана келіссөздерді 2012 жылдың қаңтар-ақпанында аяқтау жоспарланған.

Коммуналдық қарыз - 7,5 млрд. теңге

Жылу беру кезеңін нормативті жүргізудің маңызды құрамы коммуналдық қызметтер үшін төлемдерді жинауды қамтамасыз ету. Дегенмен қарызы мол тұтынушы оны өтеуге асығар емес. Мәселен, Құрылыс ісі және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық агенттігі төрағасының орынбасары Жандос Әкімжановтың мәлім етуінше, тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық қарыздары 7,5 млрд. теңгені құрайды. Бұл қарыздарды төмендетуге бағытталған қызметтер әкімдік тарапынан да қолға алынғанымен өзінің тиімділігін көрсетіп отырған жоқ. Қылышын сүйреткен қыс енді есік қаққанымен республика орын аған инженерлік желілердегі апат 361-ге жетіп отыр. Аталған апаттардың 330-ы сумен жабдықтау желісінде, 31-і жылумен жабдықтау желісінде орын алған. Сонымен қатар қуаты 100 Гкал/сағатқа жететін қазандықтардың 7 мәрте тоқтауы тіркелген. «Халықты жылумен қамтамасыз етумен байланысты мәселелерді жедел шешу үшін әкімдіктерге ұсынылған ақпараттардың шынайылығына назар аудару және агенттікке дер уақытында хабар беруі қажет деп санаймын. Толықтай алғанда әкімдіктердің орын алған апаттық жағдайларды уақытылы жойып отырғандығын атап өткен орынды», - деді ол.

Қазақстан ЖСН/БСН-ге 2013 жылдың 1 қаңтарынан көшеді

Еліміздің 11 айдағы қаржылық ахуалына кеңінен тоқталған Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуына қарағанда, 2012 жылдың 1 қаңтарында өту белгіленген жеке сәйкестендіру нөмірі мен бизнес сәйкестендіру нөміріне көшу 2013 жылдың 1 қаңтарынан басталмақ. Жалпы, ЖСН/БСН-ге көшуге дайындық өте жоғары. Салық комитетінің мәліметтер қоры ЖСН/БСН-ге көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық мәліметтер базасы, банк жүйесі де дайын. «2012 жылдың 1 қаңтарына жоспарланған ЖСН/БСН-ге көшу мекен-жайлар бойынша мәліметтер базасын өзектендіруге және халық арасында түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіз жүргізілгеніне байланысты сәйкестендіру нөмірлеріне көшу 2013 жылдың 1 қаңтарынан басталатын болады», - деп атап өткен Б.Жәмішевтіің сөзіне қарағанда Парламент Сенатында тиісті заңнамалық актілер қабылданған. Оның атап өтуінше, республикалық бюджет кірісінің жылдық жоспары орындалған. Сонымен қатар жыл қорытындысында аталған жылдық жоспар 101,9 пайыз деңгейінде орындалатындығы болжанып отыр. Мемлекеттік бюджет кірісі бойынша да жылдық жоспардың орындалуы күтілуде. Жоспардың орындалуы экспорттық кедендік баж салығының 100,3, сонымен қатар Кеден одағы елдерінің кедендік баж салықтарын бөлу тетігі есебінен оның 102,4 пайызға артуынан болып отыр. Ал республикалық бюджет орындалуының күтілетін болжамы өткн жылғы деңгейдің 99,2 пайызын немесе 5 трл. 132 млрд. теңге көлемін құрайды. Жыл соңындағы республикалық бюджеттің тапшылығы 603 млрд. теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл жоспардан 127 млрд. теңгеге кем әрі жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызын құрамақ.

Таза салмақтағы астық 26 миллион тонна

Ағымдағы жылы алынған рекордтық астықтың арқасында ауыл шаруашылығы өнімінің жиынтық көлемі 2011 жылдың қаңтар-қарашасында 27,3 пайызға өсті. Таза салмақта жиналған астық 26 млн. тоннаны құрап, 2010 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге ұлғайды. Майлы дақылдар өндірісінің көлемін арттыруда тауар өндірушілердің қызығушылығын арттыру мақсатында субсидиялаудың жоғары нормативтері белгіленді. Аталған шара саланың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. 3 жылдың ішінде майлы дақылдар егіс алқаптары 905 мыңнан 1,8 млн. гектарға артты. Алдағы уақытта да аталған дақылдардың егіс алқабын 2-2,5 млн. гектарға жеткізіп, кеңейту шаралары жоспарлануда. «Бүгінде мемлекеттік қолдаудың деңгейі сақталған жағдайда біз майлы дақылдар бойынша алдағы екі жылда өзімізді қамтамасыз ету дәрежесіне жетеміз», - дейді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, облыстарда құрылған тұрақтандыру қорларында 109 мың тонна азық-түлік бар. Оның 34 мың тоннасы картоп, 17 мың тоннасы пияз, 8 мың тоннасы сәбіз және басқа азық-түліктер.

Индустрияландыру картасы аясында 609 жобасы іске асырылуда

«Индустрияландыру картасы аясында 9,6 трлн. теңгенің 609 жобасы іске асырылуда. Осы арқылы 400 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Осының ішінде ауылдық жерлерде 274 жоба орналасқан», - деді 11 айдың қорытындысына арналған Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев. Оның атап өтуінше, Индустрияландыру картасының жалпы көлеміндегі 339 жоба ҚР Индустрияландыру және жаңа технологиялар министрлігінің қарауындағы салаларға қатысты. Атап айтқанда, Индустрияландыру картасы аясында екі жылда 1,8 трлн. теңгенің 389 жобасы іске қосылды. Қуаттылығы 50-100 пайыз аралығындағы көрсеткішпен 70 кәсіпорын тұрақты жұмысқа кірісті. 390 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, 106 жаңа өнім игерілді. Олардың арасында композитті металпластикалық құбырлар, энергия үнемдегіш құралдар, дәрілік және басқа өнімдер бар. Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімдерінің физикалық көлем индексі өткен жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 103,8 пайыз болды. Оның ішінде электрмен қамту, газ және бу беру көлемі 107,3 пайызға, машина жасау өндірісінің дамуы 119 пайыз­ға орындалды. Ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,5 пайызға өсті. Бұл көрсеткіштер индустриялан­дыру нәтижесінде іске қосылған жаңа жобалар арқылы мүмкін болып отыр.
Жиынды қорытындылаған К.Мәсімов: «Мен ең алдымен облыс әкімдерін, олардың қызметкерлерін, сондай-ақ селекторлық отырысқа қатысушыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Оларға сәттілік тілеймін және 2011 жылы жасаған жұмыстары үшін алғыс білдіргім келеді», - деді.

Соңғы жаңалықтар