Қазақстан экономикасына Австриядан келетін жалпы тікелей инвестициялар ағыны 2,8 млрд. долларды құрап отыр
деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні Қазақстанда австриялық капиталдың қатысуындағы 90-нан астам бірлескен кәсіпорындар қызмет етеді. Бұл кәсіпорындар негізінен бөлшек және көтерме саудада, қызмет көрсету мен қаржылық-сақтандыру қызметтерінде және басқа да салаларда жұмыс істеп жатыр. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні Қазақстан экономикасына Австриядан келетін жалпы тікелей инвестициялар ағыны 2,8 млрд. долларды құрайды. Әрине, бұл екі елдің инвестьициялық ынтымақтастығы аясындағы жоғары көрсеткіш, дей тұрғанмен оны дамыту үшін әлі де игерілмей жатқан әлеуеттердің жеткілікті екендігін атап өту керек», деді вице-министр.
Сонымен бірге, бүгінгі күні қазақстандық экономиканы әртараптандыру мәселесі өзекті болып отырғанына тоқталған. Н. Әбдібеков, бұл ретте технологиялықты арттырудың, ғылыми қамтымды және инновациялық қамтамасыз ету жолдарының маңызы зор екендігін айтты. Сондай-ақ, вице-министр ағымдағы жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге аса бастағанына мән беріп, бұл бағыттағы экономиканың басым секторларына шолу жасады.
«Бағдарламаға сәйксе, 2015 жылы Қазақстан жалпы ішкі өнімін 2008 жылғы деңгейден 50 пайызға арттыруды межелеп отыр. Ал өңдеуші кәсіпорын үлесін ЖІӨ құрылымында 12,5 пайыздан кем қылмау көзделеді, шикізаттық емес экспорт үлесі 40 пайыздық деңгейде болуы шарт. Бұнымен қоса, ЖІӨ-нің энергия қамтымдылығын 10 пайызға дейін төмендету міндеті қойылды», деді Н. Әбдібеков.