Қазақстан ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша лайықты үлес қосу үшін қолдан келгеннің бәрін істейді - ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысының арнайы өкілі, сенатор Әділ Ахметов
Орталық Азия аймағының елдері және Ұйымның өзі үшін бұл форумның маңызы қандай, біздің тілшімізбен әңгімесінде бұл туралы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Бас хатшысының арнайы өкілі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әділ Ахметов әңгімелеп береді.
- Қазақстан 2010 жылдың басынан бері ЕҚЫҰ төрағасы. Өткен төрт айдың іщінде қандай жұмыстар атқарылды?
- Ұйымға төрағалығы басталғалы Қазақстанның қазірдің өзінде атқарған жұмысы аз емес. ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың сапарлары бізге көрсетілген сенімді ақтау үшін еліміз қандай күш-жігер жұмсап жатқанын көрсетеді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша, әсіресе, қауіпсіздік саласындағы белсенділігі айқын көрінуде. Қ.Саудабаев Ауғанстанда да болды. Ол Лондонда өткен Ауғанстан бойынша арнайы халықаралық конференцияға қатысты. Ол ағылшындар «аяқталмаған» деп атайтын, ұзаққа созылған Таулы Қарабақ проблемасына көңіл бөлуде. Қ.Саудабаев Арменияда және Әзірбайжанда болып, осы елдердің президенттерімен кездесті, олармен проблеманы реттеу жолдары жөнінде келіссөздер жүргізді. Енді тағы бір проблема - Днестр бойы - оған да белгілі бір назар аударылуда.
Ең басты жұмыс Венада басталды - Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының таныстырылымы. Ол да ойдағыдай өтті. Біздің Президентіміздің ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесі мүшелеріне бейнежолдауы зор ынтамен қабылданды, өйткені Президент қауіпсіздік, экономика және экология, гуманитарлық салалардың ең өзекті мәселелерін қозғады.
- Алдағы Трансазиялық парламенттік форумда қандай мәселелер қаралмақ?
- Ең алдымен, қауіпсіздік, әсіресе аймақтық қауіпсіздік мәселелері қаралмақ. Соның ішінде, Ауғанстандағы жағдай талқыланатын болады. Форумға қатысу үшін Ауғанстан делегациясы шақырылды, оны осы елдің бұрынғы сыртқы істер министрі, жоғары деңгейдегі саясаткер, президенттік сайлауға түскен танымал тұлға - Абдолла Абдулла басқарып келеді. Біз олардың өз аузынан шын мәніндегі елдегі жағдай қандай екенін білетін боламыз. Бұдан бұрын айтқанымдай, Қ.Саудабаев онда бір рет болды, енді ол Ислам конференциясы Ұйымы елдері сыртқы істер министрлерінің Душанбедегі кездесуі алдында Ауғанстанға тағы да барып қайтқалы отыр.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық барысында біз іс-қимылымызды Ислам конференциясы Ұйымымен жақындастыру үшін белгілі бір қадамдар жасадық. ЕҚЫҰ қазіргі төрағасының арнайы өкілі ретінде мен өткен айда Сауд Арабстанында, ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде болдым. Онда біз аймақтық қауіпсіздікке қатысты бірқатар мәселелерді талқыладық.
57 ел кіретін Ислам Конференциясы Ұйымы сыртқы істер министрлерінің алдағы кездесуі - де өте маңызды шара. Оның үстіне ол Ауғанстанмен көршілес Тәжікстанда өткізіледі - мұнда аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланатын болады.
Сөйтіп, біз ЕҚЫҰ аясындағы ғана емес, одан да кең ауқымдағы қауіпсіздік мәселелерін реттеу жұмыстарына қатысып отырмыз. Алдағы Трансазиялық форумға ЕҚЫҰ әріптес-елдері - Жапония, Оңтүстік Корея, Таиланд, да қатыса алады. Айтқандай, Қ.Саудабаев Жапония мен Қытайда да болды.
- Алматыдағы форумға қатысушылар тағы қандай мәселелерге назар аударады деп ойлайсыз?
- Жалпы, форумда қаралатын мәселелердің ауқымы үлкен - бұлар: экономикалық мәселелер, сондай-ақ лаңкестікпен және есірткі ағынымен күрес. Арнайы сессиялардың бірі бүгінде күрделі саяси және экономикалық жағдай туындап отырған Қырғызстанға арналмақ. Мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Бас хатшысының арнайы өкілі ретінде жанжал басталған алғашқы күндерде-ақ Қырғызстанда болдым. Одан кейін сәуірдің 20-сында мен онда тағы да Қ.Саудабаевмен бірге бардым. Ол кезде Қырғызстан Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы азаматтық соғыс алдында тұр еді. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде дер кезінде және тиімді шаралар қабылдады. Біздің Президентіміздің Қ.Бакиевке Қырғызстаннан шығуына көмектесу жөніндегі шешімін АҚШ пен Ресей президенттері қолдады. Бұл Қ.Бакиевті құтқару үшін емес, ең алдымен, шиеленісті бәсеңдету, азамат соғысы қаупін жою үшін жасалды.
Сондықтан да Бішкекте болған кезімізде Қырғызстандағы барлық халықаралық ұйымдардың күш-жігерін жұмылдыруға тырыстық. Біздермен бірге БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Ян Кубиш, Еуропалық Кеңестің арнайы өкілі Пьер Молер, Венадан арнайы өкіл - жанжалдарды болдырмау жөніндегі орталық директоры Герберт Зальбер, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері, ЕҚЫҰ қазіргі төрағасының арнайы өкілі ретінде Жәнібек Кәрібжанов бізбен бірге жұмыс істеді. Біз олардың бәрін ЕҚЫҰ туының астына біріктірдік. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, Қырғызстанның уақытша үкіметі мүшелерімен, Жогорку Кенештің бұрынғы депутаттарымен көптеген кездесулер өткіздік.
- Сіздің пікіріңізше, Қвырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін қандай шараларды қолға алу қажет?
- Қазір жағдай тұрақталып келеді. Күрделі мәселе мынада; уақытша үкімет Жогорку Кенешті таратып жіберіп, оның көмегімен легитимді органға айналу мүмкіндігін уыстан шығарып алды. Ал 49 депутат Бакиевті ел президенті лауазымынан шеттету жөніндегі құжатқа қол қойды ғой. Енді уақытша үкімет елде референдум ұйымдастыру бойынша үлкен және күрделі жұмысты жүргізуі тиіс, одан кейін - парламент және президент сайлауларын өткізуі қажет. Мұның үстіне, Қырғызстан үлкен қаржылық қиыншылықтарға кезігіп отырғанын ескеру қажет. Халықаралық ұйымдар, соның ішінде Бүкіләлемдік банк, Азия банкі, Еуропалық банк қажетті көмек көрсетуге әзір. Дегенмен олар қазір ақша бөлуде жағдайдың күрделілігін ескермек.
Алматы форумынан кейін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Жоао Соареш, сондай-ақ Парламенттік Ассамблея президенті Оливер Спенсер және Еуропаның әртүрлі елдерінің бірнеше депутаты Қырғызстанда тағы да болып, жағдаймен танысқалы отыр. Бұл сапарда мен оларға еріп жүретін боламын, өйткені жағдаймен таныспын - біз уақытша үкімет мүшелерімен, бұрынғы депутаттармен, үкіметтік емес ұйымдар мүшелерімен кездесуге тырысамыз.
Сондықтан да біздің еліміздің бастамасымен өткізілгелі отырған алдағы форум бұл мәселеде үлкен рөл атқаратын болады.
Тұтастай алғанда, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша лайықты үлес қосу үшін қолдан келгеннің бәрін істейді.
- Сұхбатыңыз үшін рахмет!