Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымында барлық үш өлшем бойынша теңдестірілген жұмысқа маңыз беруде
Бүгінгі таңда Қазақстанның ЕҚЫҰ жұмысына қатысуының маңызына баға беру күрделі мәселе. Тарих оған тиісті жауапты болашақта береді. Дегенмен қазақстандық төрағалық Ұйымның өзіне әлемдегі сыни көзқарас үрдісін қазірдің өзінде бәсеңдеткенін сеніммен айтуға болады.
Жасыратыны жоқ, әртүрлі кезеңде ЕҚЫҰ-ның тиімділігі жөнінде әртүрлі пікірлер болды, ал соңғы кездері оның атына көптеген өткір ескертулер айтылды. Мұндай пікірлерге бірқатар факторлар себеп болды, солардың арасында осы заманғы әлемдегі геосаяси өзгерістер үрдістеріндегі ЕҚЫҰ мүше-елдерінде қалыптасқан әртүрлі жағдайлардың болуы да ықпал етті.
Ашығын айтуымыз қажет, осы құрылымдағы дағдарысты сәттер әлі де болса шешілмей қалып отыр - олар халықаралық саясаттың әлемдік субъектілерінің геосаяси мүдделері тоғысқан жерлерде пайда болып, жылдар бойы қордаланды, ал оларды шешу үшін біршама уақыт қажет. ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздіктің негізгі проблемалары: оның мүшелерінің арасындағы қару-жарақтарға бақылау төңірегіндегі жағдайдың тұйыққа тірелуі; Ұйым қызметінде гуманитарлық бағыттардың басым болуы; оның жауапкершілігі аймағындағы жанжалдардың тым ұзаққа созылып кетуі болды. Мұның бәрі халықаралық тұрақтылыққа селкеу түсіруде және сонымен қатар жаһандық қатынастар жағдайында жаңа қауіптер мен қатерлер бой көрсете бастады.
Әуел баста Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық кеңесінің (1992 жылдан бастап ЕҚЫК/ЕҚЫҰ ұйымы) қалыптасуында саясаткерлер мен әлемдік қоғамдастықтың басты міндеті еуропалық құрлық аренасындағы жанталаса қаруланудың жаңа толқынын ауыздықтау болды. Екі дүниежүзілік соғыстан кейін еуропалық жұртшылық жойқын жанжалдар иіріміне қайта оралуға көңілдері дауаламады, оның үстіне бірқатар мемлекеттердің ядролық қарулармен жарақтануы соғыс дауларынан ештеңе өнбейтінін байқатты.
Соған қарамастан, соғыстан кейінгі кезде АҚШ пен КСРО арасында «қырғи-қабақ соғыс» өріс алып, ірі әскери блоктар құруға бастамашы болды және жанталаса қарулануды бастады. Дүниежүзілік соғыстан кейінгі отыз жыл ішінде Еуропа мемлекеттері бір-бірімен жауласқан НАТО мен Варшава шарты ұйымының бір-біріне қарсы әскери базаларының екі жағындағы темір шымылдықтың ортасында қалды.
Осындай күрделі жағдайда ЕҚЫК Еуропадағы қауіпсіздікті нығайтуға және әскери текетіресті бәсеңдетуге шаралар қабылдау үшін құрылды. Кезең-кезеңімен жалпыеуропалық үдерісті бейбіт арнаға бағыттайтын негізгі құжаттар қабылданды. Кеңестің үлкен жетістігі 1990 жылы ЕҚЫК мүше-мемлекеттері басшылары мен үкіметтері арасында жаңа Еуропа үшін Париж хартиясы және Еуропадағы жай қарулы күштер туралы шарттың жасалуы, сондай-ақ Еуропадағы сенім мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі шаралар бойынша Вена құжатының мақұлдануы болды.
Тараптар ымыраға келіп, қаруларды тарату бақылауға алынғандай болған, алайда Еуропа субқұрлығының көп бөлігіндегі бүкіл геосаяси жағдай шұғыл өзгеріп шыға келді: Берлин қабырғасы құлады, социалистік лагерь елдерінің ұйымдары тарады, Кеңес Одағы келмеске кетті және жаңа тәуелсіз мемлекеттер құрылды. Ұйым құжаттарын жаңа жағдайға бейімдеу үшін саясаткерлер мен дипломаттардың кездесулері үдерісінде жаңа келісімдер қабылданды, оларда жаһандық өзгерістер ескерілген ережелер көрініс тапты. Бұл шарттар 1999 жылы қарашадағы Ыстамбұл саммтінде бекітілді, онда елу алты мемлекеттің басшылары Еуропа қауіпсіздігі хартиясына, Еуропадағы жай қарулы күштер туралы шартқа қол қойды, сондай-ақ одан әрі жұмыс үшін негіз ретінде сенім шаралары бойынша қорытынды Саяси декларацияны және жаңартылған Вена құжатын қабылдады.
Одан бері он бір жыл өтті. Осы кездерде ЕҚЫҰ мүше-елдері арасында әскери салада күшті алауыздықтар пайда болды және тараптар бір-біріне өткір талаптар қоя бастады. Ресей НАТО-ның Шығыс Еуропаға қанат жаюына, АҚШ-тың еуропалық істерге араласып, Польша мен Чехияға зымыранға қарсы қорғаныс элементтерін, Балтық бойы елдеріне радиолокациялық стансыларын орнату жоспарларына қарсылығын білдірді. Батыс елдері Ресейдің алдыңғы шептегі аймақтарда ауыр қару-жарақтарды шектеу жөніндегі уағдаластықтарды бұзғанын, атап айтқанда, Солтүстік Кавказда ауыр әскери техниканы лимиттен асыра орналастырғанын, Грузияға, тіпті 2008 жылғы желтоқсанға дейін Днестр бойында ресейлік бітімгершіл күштер орналасуын бетіне басты.
Сөйтіп, Ыстамбұлда жаңадан қол қойылған Еуропадағы жай қарулы күштер туралы шартты ЕҚЫҰ мүше-елдерінің көпшілігінің парламенттері ратификацияламады, оның артынан 2007 жылыРесей осы шарттың күшін біржақты тәртіппен тоқтатуға шешім қабылдады. Осы себептермен Ұйым жауапкершілігі аймағында әскери салада шиеленіс пайда болды, оның деңгейін «Корфу үдерісі» бәсеңдетуі тиіс еді. 2009 жылдың жазында грек төрағалығымен Корфу аралында өткен ЕҚЫҰ қатысушы-елдері сыртқы істер министрлеріның бейресми отырысында ресейлік президент Д.Медведевтің 2008 жылғы Германияға сапары кезінде айтқан еуропалық қауіпсіздіктің жаңа сәулетін құру бастамасын мұқият қарау ұсынылды.
Грекиядан төрағалық эстафетасын қабылдаған Қазақстан Ванкуверден Владивостокка дейінгі қауіпсіздіктің кең белдеуін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмыстың перспективаларын талқылауды бұл үдерістің маңызды бағыты деп санайды. «Корфу үдерісі» ауқымындағы диалог қауіпсіздік саясаты мен қару-жарақтарға бақылау саясаттың ұстанымдары мен нормаларын, барлық қатысушылардың жанжалдарды реттеудегі міндеттемелерін, сондай-ақ лаңкестік, жаппай қырып жоятын қару-жарақтарды тарату және ұйымдасқан қылмыс сияқты қауіптерге үн қату тетіктерін орнатуы тиіс.
ЕҚЫҰ-ны екіші пробемасы Ұйым мүшелерінің өзара қарым-қатынастарында белгілі бір шиеленіске өзек болып отырған оның негізгі бағыттарының арасындағы тепе-теңдік болмауы. Соңғы жылдары ЕҚЫҰ қызметі аясында гуманитарлық тақырып, дәлірек айтқанда, Адам құқықтары демократиялық институттары бюросының құқық қорғау миссиясы басты орынға шығып кетті де, басқа мамандандырылған құрылымдар мен институттардың жұмысы көлеңкеде қалып қойды.
Демократияландыру мен адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңызын жоққа шығаруға болмайды, дегенмен құқық қорғау мәселесі белгілі бір саяси топтардың жалаулатқан негізгі қаруы болғанын мойындауға тиіспіз. Әйтсе де индивидуум мен қоғамның толыққанды дамуы экономика мен әлеуметтік инфрақұрылым дамыған, қолайлы экология, және түптеп келгенде өзінің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті тиімді мемлекеттік институттар болғанда ғана жүзеге асырылатын ұмытуға болмайды.
Кезінде ЕҚЫҰ үшінші гуманитарлық себетін жасауға негізгі бастамашы болған кеңестік басшылық еді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында ол саяси жүйенің дамуының социалистік түрі мен халық шаруашылығы экономикасын жоспарлы жүргізу халықты барлық қажетті игіліктермен барынша қамтамасыз ететінінне сенімді болатын. Каписталистік әлем елдеріндегі ұдайы болып келген жұмыссыздық, кәсіподақ ұйымдарының, студенттер мен жұмысшылардың адам құқықтары мен бостандықтары идеяларын көтерген өз құқықтары жолындағы ұдайы болып тұрған бас көтерулері, ЕҚЫҰ шығыс блогы елдері үшін сырттай қарағанда ұтымды сияқты көрінді. Алайда батыс елдері бірте-бірте осы саладағы бастаманы өздеріне аударып алып, КСРО-дағы диссиденттік қозғалыс мәселесін біраз жалаулатты.
Сөйтіп, құқық қорғау тақырыбы едәуір саясаттандырылып, өзара қысым жасау мен беделін түсірудің құралына айналды, ал адам құқықтары мен бостандықтары құқығын идеология мен саяси режимдердің ерекшеліктеріне қарамастан барлық мемлекеттер мүліксіз сақтауы тиіс болды. КСРО әлемдік аренадан кеткеннен кейін АҚШ пен Еуроодақ елдері бұл саясатты енді ТМД-ға қатысты белсенді түрде және өз қалауына орай пайдалануды жалғастырды.
Бұл тұрғыда халықаралық қатынастарда құқық қорғау проблемаларын көтермейтін Достастық кеңістігіндегі мемлекеттер Батыс алдында белгілі бір артықшылықтарға ие болып отыр деген көптеген қазіргі жарияланымдардағы тезистердің де дұрыс емес екенін атап өту қажет. Іргелі жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтау қосарланған стандарттарды да, ол жайында бұғып қалуды да көтермейді. Бұл принципті мәселеде ешқандай саяси сауда көріністері болмауы тиіс.
Бұл орайда ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымында Қазақстан барлық үш өлшемдердің теңдестірілген жұмысын жақтақтап, кешенді қарастыруды ұсынады. Қазақстандық басшылық төрағалық қызметінде ең алдымен, ЕҚЫҰ негізгі принциптері мен құндылықтарын сақтаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар үйлесімді және тұрақты даму мақсаттарына қауіпсіздіктің әскери-саяси өлшемдері құрылымдары өзара тиімді әрекет еткенде, артта қалушылық пен кедейшілікті еңсеру бойынша кең экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру, толыққанды гуманитарлық дамуда және пәрменді табиғат қорғау шараларын жүргізгенде ғана қол жеткізуге болатыны атап көрсетілді.
Еуропалық қауіпсіздік құрылымының басты мәселелерінің бірі ұзаққа созылған жанжалдардың түйінін шешу болмақ. Бұл жағдайды сауықтыру ниеті Ұйым қызметінің басты бағыттарын үйлесімді жүргізуді ұсына отырып, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы басымдықтарын жасау кезінде белсенді талқыланды. Төраға лауазымына кіріскен сәттен бастап Оңтүстік Кавказдағы, Молдовадағы және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ұзаққа созылған жанжалдарды реттеуге жәрдемдесу жөнінде белсенді шаралар қолға алынды.
Көптеген заманауи пробемалардың шоғырланған мәселесі Ауғанстандағы әскери-саяси жағдай болып отыр. Қазақстан бұл мәселені ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде ең өткір мәселе ретінде көтерді. Ауғанстан Ұйым кеңістігіне кірмесе де, барлық елдердің қауіпсіздігі ауған аумағындағы қалыптасқан жағдайға тәуелді. Бүгінгі таңда ауған аумағы есірткі бизнесінің, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың, халықаралық лаңкестіктің және діни экстремизмнің таралатын негізгі ошағы болып отыр.
НАТО-ның әскери қатысуы және халықаралық коалицияның ауған мәселесін реттеу әрекеттері ешқандай нәтиже беретін емес. Бұл жағдайда Қазақстан проблеманы шешудің жаңаша жолын ұсынуға бастамашы болды. Қазақстандық төрағалық Ұйымның әлеуетін белсенді пайдалана отырып, Ауғанстанды бейбіт өмірге оралту мақсатын көздейді. Қазақстан үкіметі осы елге азық-түлік көмегін беруге, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымдарды және автомобиль жолдарын қалпына келтіруге жәрдемдесуде.
2009 жылғы қарашада Астана мен Кабул арасында үкіметаралық келісім жасалды, оған сәйкес ағымдағы жылдан бастап ауған азаматтарын Қазақстанның оқу орындарында оқыту бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бес жыл ішінде қазақстандық жоғары оқу орындарында жылына 200-ден ауған азаматтары оқуға қабылданады. Оқыту денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, ішкі тәртіпті қамтамасыз ету, гуманитарлық, журналистік, мемлекеттік шекараны қорғауды қамтамасз ету салалары, сондай-ақ инженерлер мен педагогтер мамандықтары бойынша жүргізіледі. Қазақстанның нақты қадамдары Ауғанстандағы жағдайды реттеудегі басымдықтарды өзгерту жөніндегі еуропалық қауіпсіздік құрылымындағы әріптестерімізде де ой салды. Президент Б.Обама осы елден АҚШ әскерлерін жақын арада шығару жөнінде шешім қабылдады.
ЕҚЫҰ кеңістігіндегі келеңсіз факторлардың күшейе түсуі және жаңа қауіптер пайда болуы жағдайында Қазақстандық төрағалық ымырашылық рөл атқарды. Бұл орайда әлем қоғамдастығының назарын аударған Қырғызстандағы кезекті әлеуметтік-саяси сілкіністерді айта кеткен ләзім. Қырғызстандағы қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәсеелер тұрақсыздыққа себеп болып, ұлысаралық жанжалдарға ұласты. Бұл орайда да Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде бауырлас елдегі жағдайды тұрақтандыру ісіне зор үлес қосты. Қазақстан үкіметі бұл елдегі саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарысты шешу үшін кезек күттірмейтін шұғыл шараларды қолға алды. Көрші орталықазиялық республикадағы тұрақтылық мәселесі бүгінгі таңда аса өзекті және оны тек қана бірлескен күш-жігермен ғана еңсеруге болады. Сонықтанда ЕҚЫҰ тұрақты кеңесі 2010 жылғы маусымда Қырғызстанға тәжірибелі полицей қызметкерлері есебінен кеңесшілер жіберуге шешім қабылдады. Бұл миссия республика ішіндегі тұрақтылыққа кедергі келтіретін күштерді ауыздықтап, олардың құқық бұзушылық әрекеттеріне тосқауыл қоюдың күрделі міндетін жүзеге асыруы тиіс.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тағы бір жаһандық проблема - еуроатантикалық және еуразиялық кеңістіктердегі елдер арасындағы құндылықтарды жақындастыру, сөйтіп, Солтүстік Америкадан Қиыр Шығысқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте сындарлы халықаралық саясат пен ықпалдастықты, жаһандық экономикалық байланыстардың жаңа моделін құру жөнінде белсенді қызмет атқаруда.
Ұйымның барлық мүшелері ЕҚЫҰ-ның көшбасшысы лауазымына Қазақстан жаңа серпін беру үшін дер кезінде келді деген ортақ пікірге тоқайласып отыр. Қазақстандық сыртқы саясаттың ерекшелігі - қазіргі әлем құрылымына маңызды бастамаларды ұсына отырып, үлкен жауапкершілікті мойына алып отыр.
Сөйтіп, ЕҚЫҰ-ны еуропалық қауіпсіздіктің негізгі принциптерінде көзделген ережелерге және үдерістердің серпінін дамытуға оралтуда Қазақстан төрағалығы үлкен қажыр-қайрат жұмсап келеді. Бұған ЕҚЫҰ-ның 11 жыл үзілістен кейінгі алғашқы саммитін Астанада үстіміздегі жылғы желтоқсанның 1-2-сі күндері өткізуге пәтуаласқан тарихи шешім айқын дәлел бола алады. Бұл сайып келгенде, Қазақстанның тұрлаулы сыртқы саясаты әлемдік аренада жоғары беделге ие болып отырғанын көрсетеді.