Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын ойдағыдай атқара алады - Halo noviny чех газеті
Бұл шындығында да бірегей және кейбір өлшемдер тұрғысынан алып қарағанда аталған құрылым тарихындағы ерекше жағдай. Венадан шығыста орналасқан мұсылман халқы басым Қазақстан енді өте жауапты ұстаныммен айналысатын алғашқы мемлекет.
Дегенмен, әдетте демократиялық даму тұрғысынан қарастырылатын ортазиялық республиканың географиялық орналасуы ЕҚЫҰ-ның басты ұстанымдарына қайшы келіп отырған жоқ.
Қазақстан оқтын-оқтын адам құқығы және азаматтар бостандығын бұзғандығы үшін сын тезіне алынуда, бірақ аталған факт ЕҚЫҰ бойынша әріптестерінің оны осы ұйымның төрағалығына бекіту туралы шешім (консенсустық негізде) қабылдауына ешқандай кедергі келтірмеді.
Ешқандай авторитаризм жоқ
Авторитарлық деп есептелінетін мемлекеттің демократиялық жүйелеріндегі ақауы кейбір бұқаралық ақпарат құралдары нықтап жүргендей принципті емес екендігі айқын. Олай болмаған жағдайда, онсыз да соңғы уақытта ішкі келіспеушіліктерден шатқаяқтап тұрған Ұйымның беделін түсіруге шешім қабылданбас еді.
Әрине, Қазақстанға ЕҚЫҰ-ны алдын ала төлеммен басшылық жасауға мүмкіндік берді деп те айтуға болады. Дегенмен, бұл да шынтуайтына келгенде аңқаулық болар еді. Үлкен саясатта алдын ала төлем деген жоқ. Ең басты себеп - құрылым басшылығына бейтаныс мүшені қойды, қорытынды Батысқа - Шығыс, Шығысқа - Батыс қажет. Қазақстан тарихта тұңғыш рет аталған Ұйымның жұмысына еуропалық тұрғыдағы жаңа леп қоспақ, бұл өздігінен қазіргі заманғы геосаяси жағдайда өте маңызды болмақ.
«Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Төрағалығының мәні терең. Бұл - құрылымның тек Еуропада және Құрама Штаттарда ғана емес, сонымен қатар Орта Азияда, Кавказда, Балқанда күш жұмсайтындығының белгісі», деп санайды АҚШ бас хатшысының көмекшісі Роберт Блейк. Ол өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басталуы құрметіне орай Вашингтондағы Ұлттық баспасөз орталығында өткізілген Қазақстан Елшілігінің қабылдауында сөйлеген сөзінде өңірдегі Қазақстанның рөлін ерекше атап өтті. Оның пайымдауынша, республика мемлекеттілікті қалыптастырудың алғашқы сатысынан сәтті өтіп, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикалық даму саласындағы жетекші орынды иеленді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде, демократиялық болашақ бағытында Орта Азияны алға сүйреуге мүмкіндігі мол.
Тәуелсіз төрелік
Қазақстанның оның тарихымен және жүргізіп отырған саясатымен тығыз байланысты құнды тәжірибелерді білуі де маңызды. Ұйымға мүше 56 мемлекет арасындағы өзара қарама-қайшылықтар туындап отырған сол бір жауапты сәтті есепке ала отырып, медиация үрдісін кәсіби тұрғыда жүргізе алатын әділ судья қажет. Қазақстан әділ судья болуға ұмтылуда. Бұған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ЕҚЫҰ мүше-елдер саммитін өткізу бастамасы дәлел бола алады.
«Бұл жыл өте қиын, өзінің Төрағалығы уақытында өзі үшін белгілеп отырған Қазақстанның мақсатына жетуі үшін үлкен жұмыстар тұр. Бұл - Ұйымның саммитін өткізу», деп өз ойымен бөліскен ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо «Саммит өткізу идеясы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер тарапынан зор қолдауға ие болуда. Мен форумды өткізу өте пайдалы болатындығына сенімдімін. Ол Ұйым танымының деңгейін жоғарлатып, оның бейіні мен әлеуетін арттыруға көмектеседі», деді.
ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Қанат Саудабаевпен кездесуі барысында «Біз жоғары деңгейдегі шақырылым үшін ашықпыз», деп атап өткен Испанияның Қазақстандағы Елшісі Альберто Антон Кортес «алдағы кездесулер мазмұнды болуы қажет. Бізге консенсус негізінде бекітілген бағдарлама керек. Бұның барлығы тиянақты жұмысты, белсенді келіссөздерді және тұрақты саяси сұхбатты қажет етеді», деді.
Көкейтесті мәселелер
Сарапшылар саммиттің қаныққан мазмұны бұл ұйымның үш өлшемдегі ЕҚЫҰ-ның барлық өзекті проблемалары көрініс табуы қажет деп санайды. Сонымен қатар Ауғанстан жағдайын, оның халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аспектілерімен тікелей байланысын, «Корфу үдерісінің» болашағын талқылау қажеттілігі туындап отыр.
Бұл орайда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев жариялаған ЕҚЫҰ төрағалығындағы Қазақстанның төрт Т - сенім (Trust), дәстүр (Traditions), транспаренттік (Transparency) және төзімділік (Tolerance) ұраны әріптес елдерде жылы қабылданды.
Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы Александр Кельчевский қазақстандық төрағалықтың тұсаукесер бағдарламаларына орай Венадағы салтанатты шаралар жоғары деңгейде өтіп, 2010 жылы Ұйымға оң серпін бергендігін баса айтады. Қазақстан алдында ЕҚЫҰ қызметіне қуатты серпін беру міндеті тұр, осылайша бұл ұйымның тарихындағы жаңа кезең ашылмақ.
Президент Назарбаевтың жарнамасы
Шындығына келгенде, ЕҚЫҰ төрағалығы Қазақстан көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзіндік науқанына айналды деп санайтындардікі дұрыс. Дегенмен, Қазақстан үшін үздік жарнама оның Президентінің халықаралық бастамалары болғандығы ақиқат. Бұл контекстегі алғашы жоба КСРО құлағаннан кейінгі әлемдегі қуаты жағынан 4-ші орындағы ядролық қару-жарақтан бас тартуы және Семей ядролық сынақ полигонын жабуы болды. «Сапфир» жобасы шеңберінде республикадан әскери мақсатқа арналған жарты тоннаға жуық байытылған уран шығарылды. Бұл орайда Қазақстанның оң талабы бүкіл әлемдік қауымдастықтың игілігіне айналады және оны ЕҚЫҰ-ға төраға ретіндегі алғашқы қадамы да қуаттайды.