Қазақстан ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде Шығыс пен Батыс мемлекеттерінің жемісті әріптестігіне алғышарттар құрып, ұйымның беделін арттыруға белсенді атсалысуда - сенатор Ә. Ахметов
Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Шығыс пен Батыс: мәдениеттер мен конфессиялар диалогы» атты дөңгелек үстел жиынында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы Бас хатшысының арнайы өкілі, ҚР Парламенті сенатының депутаты Әділ Ахметов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлтаралық, конфессияаралық келісім саласында айтарлықтай табысты тәжірибеге ие болып отырған Қазақстан өзінің төрағалығы барысында толеранттылық және мәдениетаралық сұхбат мәселелерін ЕҚЫҰ кеңістігінде негізгі басымдық ретінде таратуға құлықты», деп атап көрсетті ол.
Оның айтуынша, Қазақстанның геосаяси орналасуы, халықаралық әріптестік саласындағы тәжірибесі өркениеттер арасындағы диалогты, өзара түсіністікті орнатуға септігін тигізеді.
«Біздің Республика Орталық Азия аумағында ғана емес, бүкіл Азия аумағынан асатын көлемде ықпалдастырушы рөл атқарып келеді», деп түйді сенатор мырза.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламент депутаттары, дипломаттар, сыртқы ведомстволардың Астанадағы өкілдері, Қазақстандағы ЕҚЫҰ өкілдігі, діни қайраткерлер қатысуда. Олар осы тақырыпта өздерінің көзқарастарын, түсініктерін және ұсыныстарын енгізеді.
ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы ұйымдастырып отырған жиынның мақсаты - ұлтаралық келісім және діндер арасындағы ынтымақтастық, сонымен қатар Ислам елдері мен Батыстың ЕҚЫҰ арқылы байланыс орнату жайын талқылау.