Қазақстан Елшілігі Тәуелсіздік күні құрметіне Эр-Риядта қабылдау ұйымдастырды

Бұл туралы сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен хабарлады.
Қонақтар үшін Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың араб тіліне аударылған «Қазақстандық жол» кітабының таныстырылымы ұйымдастырылған осынау шараға Корольдіктің министрліктері мен ведомстволарының, саяси, экономикалық және қоғамдық топтарының өкілдері, Эр-Риядта тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Бүгінгі Қазақстан, елордасы - Астана туралы, ел халқы мен оның жетістіктері туралы әңгімелейтін фотокөрме де келушілердің ерекше ықыласын аударды.
Елбасы Н.Назарбаевтың атына Қос Қасиетті мешіттің қамқоршысы Саудия Королі Абдалла бен Әбдел Әзіз әл- Сауд пен мұрагер бекзада Сұлтан бен Әбдел Әзіз әл-Сауд өз құттықтауларын жолдады. «Сауд Арабстаны осынау атаулы мерекеге Қазақстандағы бауырлас халқымен бірге қуанады және республикаға тыныштық пен гүлдену тілейді. Корольдік Қазақстанмен арадағы тығыз қарым-қатынасты бағалайды және екі мемлекеттің және халықтардың арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге бағыт ұстанады», делінген құттықтауда.