Қазақстан Елшісі Б.Ордабаев Бразилия Президенті Д.В.Руссеффті ұлықтау рәсіміне қатысты
Ұлықтау шарасы шеңберінде қазақстандық дипломат Бразилия вице-президенті М.Темермен кездесіп, оның барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Бразилия Президенті Д.Руссеффке жолдаған құттықтау хаттарының түпнұсқаларын табыс етті. Сондай-ақ аталған кездесуде тараптар Қазақстан және Бразилия арасындағы мемлекетаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қысқаша пікір алмасты.
М.Темер өз кезегінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хатына алғысын білдіре отырып, Елбасына зор денсаулық және жақсылықтар, ал Қазақстан халқына одан әрі өркендеуіне, гүлдене беруіне өз тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар Елші Б.Ордабаев инаугурация шеңберінде жаңадан тағайындалған Бразилия Федеративтік Республикасы Сыртқы байланыстар министрі Мауро Виейрамен және бұрынғы Сыртқы байланыстар министрі Л.Фигейредумен кездесулер өткізді.
Тараптар Қазақстан және Бразилия арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Оның барысында Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттары, соның ішінде оның 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын Бразилия тарапынан қолдау мәселесі көтерілді.