09:31, 22 Қазан 2012 | GMT +5
Қазақстан Елшісі Палестинадағы жергілікті муниципалдық сайлауға бақылаушы ретінде қатысты
АСТАНА. 22 қазан. ҚазАқпарат - 20 қазан күні Қазақстанның Палестинадағы Елшісі қызметін қоса атқарушы Болат Сәрсенбаев Иордан өзені батыс жағалауына жұмыс сапармен барып, бақылаушы ретінде жергілікті муниципалдық сайлауға қатысты.
Бұл туралы ҚР-ның Аммандағы Елшілігінен хабарлады.
Қазақстан дипломаты Рамалла, Әл-Бире, Вифлеем және Хеврон қалаларындағы сайлау учаскелерінде болды.
Елші Б.Сәрсенбаевтың айтуынша, Палестинадағы сайлау айтарлықтай жоғары деңгейде әрі халықаралық стандарттарға сай өтті. «Палестинадағы соңғы сайлаулар 2006 жылы өткізілгеніне байланысты, бұл сайлау елдегі ішкі саяси ахуалды тұрақтандыру жолындағы маңызды іс-шара болып табылады», - деп мәлімдеді дипломат.
Сапар барысында Қазақстан Елшісі Палестина Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхаммед Таршаханимен жүздесіп, оған «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру бастамасына 20 жыл» мерекелік медалін тапсырды.