12:13, 16 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстан Еуропа мен Азия елдері арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамытатын ірі аймақтық транзиттік торап бола алады ? А.Кельчевский
АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстанда Еуропа мен Азия елдері арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына септігін тигізетін ірі аймақтық транзиттік торапқа айналуға мүмкіндік бар.
Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде «Шекаралық сауда мен көлік тасымалын жеңілдету мақсатында халықаралық заңнамалық құралдарды пайдалану» тақырыбында басталған семинарда ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы Орталығының басшысы Александр Кельчевский мәлім етті, деп хабалайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, бүгінгі шараның мақсаты кедендік рәсімдерді жақсарту, олардың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жемқорлық, қару-жарақтар мен есірткі заттарының заңсыз айналымы, трансұлттық және лаңкестік қылмыстарды болдырмау мақсатында сауда мен көліктік рәсімдерді жеңілдету болып табылады. «Көлік тасымалы мен кедендік рәсімдердің үйлесімдігі арқылы мемлекет өзіне қажетті, атап айтқанда, энергетика, су ресурстары, кәсіпкерлік және қаржылық қызмет сында басқа да басымдықты салаларын дамыта алады. Соңғы жылдары ұлттық экономикалардың жаһандануы мен ырықтану үрдістері арқасында Еуропа мен Азияның арасындағы транзиттік сауда көлемі анағұрлым артты. Алдағы 20 жылда осы екі аймақ арасындағы айырмашылық қысқарады деп күтілуде. Осы орайда Қазақстанда Еуропа мен Азия елдері арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамытатын ірі аймақтық транзиттік торапқа айналуға мүмкіндік бар», - деді ол. Сондай-ақ А.Кельчевский бүгінде Қазақстанның кедендік ұйымдары мен органдары кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Елбасы мен Үкіметтің тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында жүйелі шараларды қолға алып жатқанын тілге тиек етіп, олардың қатарында кедендік қызметтерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және шекаралас мемлекеттермен кедендік бақылауды бірлесіп жүзеге асыру мақсатында - бір терезе қағидатын, шекараны ықпалдасқан түрде басқару қағидатын енгізу шаралары барын атап өтті.
Семинарға ҚР Кедендік бақылау комитетінің салалық басқармалары, облыстардағы департаменттері, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар, халықаралық сарапшылар, ЕҚЫҰ-ның Хатшылығы және ЕҚЫҰ-ның Астана қаласындағы Орталығының өкілдері қатысуда.