Қазақстан Еуропалық Одақпен ынтамақтастық жөніндегі жаңа келісімнің тезірек күшіне енуіне мүдделі - Қ. Жақыпов
Тараптар жүздесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық сенімділік, теңқұқылық және өзара тиімді әріптестік деңгейінде табысты дамып, жыл сайын жаңа белестерді бағындырып келетініне назар аударады. Кездесуде спикер Қабиболла Жақыповтың атап өткеніндей, оған жаңа кеңейтілген ынтымақтастық және әріптестік жөніндегі Келісім бойынша келіссөздердің аяқталуы дәлел бола алады. Қос тарап та аталған келісімнің жеделдетіп заңды күшіне енуіне ынталы екендіктерін білдірді. «Еуропалық Одақ - біздің еліміздің сауда әрі инвестиция саласында ең ірі әріптестерінің бірі. Мәселен, қазақстандық сыртқы сауда айналымның жартысына жуығы (49,7%) Еуропалық елдер үлесінде. Өткен жылы арадағы сауда айналымы 49 млрд. астам долларды құрады. Қазақстанда 6 мыңға жуық еуропалық компаниялар жұмыс істейді. Өткен он жыл ішінде еуропалық елдерден Қазақстанға тікелей инвестицияның жалпы ағыны 102 млрд. доллардан асты», - деді Мәжіліс спикері. Оның айтуынша, қазақстандық-еуропалық ықпалдастықты сауда-экономика, индустриялық-инновациялық, білім, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау салаларында одан әрі дамыту қажет. Әңгіме барысында Қ. Жақыпов меймандарға Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіне серпін беретін Елбасының 5 институционалдық реформаларын, оны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету жайы туралы баяндады. Ал, парламентаралық ынтымақтастық мәселесіне келгенде, Мәжіліс Төрағасы соңғы жылдары Еуропалық Парламент мүшелерімен қарым-қатынас белсенділігінің арта түскеніне назар аударды. Өз кезегінде Ивета Григуле Еуроодақпен Қазақстан арасындағы ықпалдастықтың табысты дамуын сөз ете келіп, «100 нақты қадам» жоспарының межелі уақытта, жемісті жүзеге асуы тек Қазақстанның дамуына ғана емес, Еуроодақ елдерімен байланысты нығайтуға да зор ықпал ететінін атап өтті. Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы парламенттік ынтымақтастық комитетінің 13-ші отырысы қазақстандық-еуропалық ықпалдастықтың, сонымен қатар парламентаралық байланыстардың нығаюына тың серпін беретінін айтып, отырыс жұмысына сәттілік тіледі.