18:00, 25 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстан Еуропалық Одақтың тоғыз елімен және Оман Сұлтанатымен визалық режімді жеңілдетті
АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстан Еуропалық Одаққа мүше тоғыз елмен және Оман Сұлтанатымен визалық режімді жеңілдетті.
Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мамырдың 19-да Қазақстан Республикасына келу визаларын беру тәртібі жөніндегі Сыртқы істер министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің ортақ бұйрығымен бекітілген нұсқауға енгізілген өзгертулер мен мен толықтырулар өз күшіне енді. Оларға сәйкес азаматтары біздің еліміздің жеңілдетілген визалық режімін пайдалана алатын елдердің тізіміне қосымша Еуропалық Одаққа мүше тоғыз мемлекет, атап айтқанда, Чехия, Румыния, Болгария, Мальта, Кипр, Словения, Литва, Латвия, Эстония, сондай-ақ Оман Сұлтанаты енгізілді», - деді брифингте Е. Ашықбаев. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін жеңілдетілген визалық рәсімдер 35 елге қатысты қолданылған. «Қабылданған нормативті құқықтық актіге сәйкес енді Еуроодаққа мүше барлық мемлекеттердің (27 ел) азаматтары Қазақстан Республикасының визаларын жеңілдетілген тәртіппен ала алады. Сонымен қатар, еліміздегі туризмді дамыту мақсатында жоғарыда аталған 45 мемлекеттің азаматтары үшін тұңғыш рет екі ай мерзімге екі мәрте туристік визаны рәсімдеуді жеңілдету қарастырылып отыр», - деді Е. Ашықбаев.