Қазақстан франчайзинг бойынша Орталық Азия елдерінде көшбасшы болып отыр - Мақсат Рахметов

АЛМАТЫ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда қазіргі таңда орта және шағын бизнестің 5 пайызы франчайзингтің игілігін көріп отыр. Бұл туралы бүгін Алматыдағы «KazFranch-2013» көрмесі аясында өткен дөңгелек үстел жиынында айтылды.

Қазақстан франчайзинг бойынша Орталық Азия елдерінде көшбасшы болып отыр - Мақсат Рахметов

«Қазақстан нарығында негізінен дистрибьюторлық франчайзерлер ұсынылады. Оның 75 пайызы киім-кешек саудасы болса, 25 пайызы сервистік, бизнес пен коммуналдық қызметтер, ақпараттық технологиялар, білім және бұқаралық ақпарат құралдары», - дейді Алматы қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму және ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Рахметов. Оның айтуынша, Қазақстан франчайзинг бойынша Орталық Азия елдерінде көшбасшы болып отыр. Оның шағын және орта бизнестегі үлесі Қазақстанда 5 пайыз болса, аймақтағы өзге елдерде 1 пайыздан аспайды. Дегенмен франчайзингтік қатынастарға қатысушы шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің үлесі Қазақстанда 3,5 пайызды ғана құрауда. Бұл Германияда 45 пайызға дейін жетеді. Сондықтан оның даму көкжиегі өте зор.