Қазақстан халқы Ассамблеясы он бес жыл бойы ынтымақ ұйытқысы болып келеді - Қ.Төлебаев

РАЛ. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақстан халқы Ассамблеясы сан ғасырлар бойы қазақтың сайын даласын мекен еткен 130-дан аса ұлт пен ұлыстың ынтымағын нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын күшті дәнекерлеуші құралға айналып отыр. Халықтар арасындағы татулық пен ауызбірліктің арқасында Қазақстан өтпелі кезең қиындықтарын жеңіп, тәуелсіздігін нығайтты, азаматтарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік алды. Көпұлтты қоғамымызды біріктіріп, діні мен тіліне, ата дәстүр-ұстанымына бөліп жармастан, шын құрметтеу арқылы айдай әлемге достық пен бірліктің нағыз үлгісін көрсеттік.
None
None

Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы болып сайлануы да халықаралық қоғамдастықтың біздің табысымызды мойындағандығының белгісі деп қабылдауымыз қажет. Бұл туралы Қазақстан халқы Батыс Қазақстан облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Қуанышбай Төлебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген көсемдігімен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерді дамыта отырып, саяси, құқықтық және мәдени тұрғыда қазақстандық жаңа үлгіні тәжірибеге енгізді. Батыс Қазақстан облысында 30-дан астам этномәдени орталықтар жемісті жұмыс істейді. Олар облыста тұратын барлық ұлттар өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін кең көлемде насихаттауда. «Соның ішінде өз қандастарымызбен қарым-қатынастың маңызы зор. Облысымыз Ресеймен шекаралас болғандықтан көршілермен тығыз байланыстамыз. Бұл істе бізге Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілі Жарқын Өтешева, Самарадан Алтынай Жүнісова, Саратовтан Владимир Тәшпеков секілді ұлтжанды азаматтар көп көмектесуде. Ерекше атап өтерлік жағдай - облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамы жаңартылып, мүшелерінің саны 111-ден 124 адамға жетті», дейді Қ.Төлебаев.

Ассамблея жұмысы сан қырлы, ол тек этномәдени бірлестіктерге жан-жақты көмек көрсетіп қана қоймай, тілдерді дамыту, жастар тәрбиесі, тарих және басқа да өзекті мәселелермен айналысады. Елдің ерекше ықыласын тудырған шаралардың қатарында Қызыл мешіттің, Ғабдолла Тоқай мұражайының, А.Пушкин мұражайының, Зеленов ауданындағы Достық үйінің ашылуын атауға болады. Сонымен қатар, "Толеранттылық: тарихи тағылым", "Менің Қазақстаным", "Жайық толқыны", "Қазақстан халқының достығы" т.б. көптеген байқаулар мен фестивальдерінің де маңызы өте зор. Алуан тілде шырқалған әсем ән, ырғақты би, әсерлі өлең рухани жан-дүниемізді байытып, бір-бірімізге деген құрмет сезімін арттыра түсті.

Өткен жылы облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған "Батысқазақстандықтардың бағалауындағы ұлтаралық және конфессияаралық диалог" атты әлеуметтік сауалнама нәтижесінде сұрау салынған респонденттердің 77,7 пайызы ұлтаралық қатынастар саласын айрықша маңызды деп есептеген. Жалпы алғанда, облыс тұрғындарының 92 пайызы қазақстандық қоғамдағы этносаралық ынтымақты жоғары бағалайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 15 жылдық даму жолында институттық тұрғыда нығайып, ұйыстырушы және зияткерлік мүмкіндігін жетілдірді, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Ұлтымызға тән төзімділік, кеңпейілділік, ақжарқын мінез секілді асыл қасиеттерге негізделген Ассамблеяның сан салалы мәдени бұтақтары Қазақстан халқының баға жетпес рухани игілігіне айналды. "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Заң қабылданып, әр азаматқа халқы үшін аянбай қызмет ету, елдің патриоты болу міндеті жүктеліп отыр. Ассамблея мүшелері Қазақстанның ел бірлігі доктринасының қабылдануын халықтар арасындағы қоғамдық келісім мен татулық одан әрі нығайта түсетін фактор болады деп санайды.

Ассамблеяның мерейтойы Батыс Қазақстанда мәнді шаралармен атап өтілуде. Наурыз айында "Қазақстандық этносаралық келісімнің даму моделі" атты форум болды. Солардың бірі және бірегейі сәуірдің 28-інде басталған XI облыстық достық фестивалі. Фестиваль аясында Достық үйінде ұлтаралық келісім мен Ассамблея қызметі туралы кітап көрмесі ұйымдастырылып, осында орналасқан этномәдени бірлестіктердің бөлмелері таныстырылды. Фестиваль аясында басқа да мәдени-көпшілік шаралар, концерттер өтпекші.

Соңғы жаңалықтар