Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов БҚО-дағы су басқан аймақтарда болды

Астанадан келген меймандар әуелі Орал қаласындағы эвакуациялық қосындарда болып, содан кейін Зеленов ауданындағы Ақжол ауылына атбасын бұрды. Табиғаттың кешегі тосын мінезінен зардап шеккен бұл ауыл тұрғындары да мемлекет тарапынан жасалып жатырған көмекке риза болып отыр.
- Біз Ақ Жайық өңірінде орын алған тосын жағдайдың салдарын, жасалып жатырған көмекті көріп кетуге келгеніміз жоқ. Ассамблея мүшелері нақты жәрдем жасауда. Осы келгенде 20 млн. теңге қаржы, бір вагон арматура, екі вагондай цемент алып келдік. Көп ұлтты еліміздің тұрғындары қашан да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара қимылдаса, біздің алар асуымыз көп болады, - деді Ералы Лұқпанұлы ауыл тұрғындарымен кездесуі кезінде.
Делегация мүшелері сонан соң аудан орталығында болып, су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатырған үйлердің құрылысымен танысты. Аудан әкімі Ғайса Қапақовтың айтуынша, Зеленовта осы мақсатта 106 үй салынбақшы. Оның көбі екі пәтерлі үй. Жобалық-сметалық құжаттамалар мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазір бес-алты құрылыс компаниясы жұмыстарын бастап кетті. 15 шілдеде құрылыс толығымен аяқталмақшы. Осы үйлерге қоныстанатындардың аты-жөндері белгілі, өздерінің келісімдері бар. Ал апатты жағдайда тұрған үйлерге күрделі жөндеу жүргізілмек.
Тасқын судан қатты зардап шеккен ауданның бірі - Тасқала. Аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің бастығы Валерий Матеюнастың сөзіне қарағанда, «Болашақ» деп аталған жаңа шағынауданда 72 пәтерлік 41 үй салынбақшы. Жеті фирма атсалысатын құрылыс жұмыстары бір-екі күнде басталып, үш айда бітпекші.