Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында мемлекеттік тіл саясаты турасында өте жақсы ойлар айтылды, енді соны жүзеге асыра білуіміз керек

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің баяндамасында қазақ тілін одан әрі меңгеру ісіне Қазақстан халқы Ассамблеясы белсене араласуы қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының желілерін кеңейте түсу қажеттігін атап көрсетті. Б.Жексенғалиевтің пікірінше, сессия мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге тың серпін, жаңа қарқын берді. Қазір мемлекеттік тілді дамытудың жаңа кезеңі басталды десе де болады. Осы орайда мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдау керек сияқты. Өйткені мемлекеттік тілді білу жөнінде Елбасыға қойылар талап бар да, мемлекеттік қызметкерлер мен лауазымды тұлғалардың қазақ тілін меңгеруі керектігі жөнінде «Тіл туралы» Заңда тұжырым болғанымен, соны іске асыратын нақты тетік әлі жоқ.
Әрине, ел жастарының қазақ тілін білуге деген құлшынысы жақсы. Мұны сессияда Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Елена Косенкова көрсете білді. Енді осындай үлгі-тәжірибені жер-жерде тарата беру қажет. Тағы бір қуанышты жайт, Қазақстан азаматтығын беру кезінде мемлекеттік тілді білетіні ескерілетін болады. «Бүгінгі таңда біз Елбасы ұсынған Тілдердің қызметі мен дамуының 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына ұсынбалар әзірлеу үстіндеміз», деп қорытты сөзін Б.Жексенғалиев.