Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы кеңесінің кезекті мәжілісі болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиналғандарды Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаған Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі ұлтаралық келісім мен татулықты, мәдениетаралық, дінаралық рухани жарасымды дамытудағы мән-маңызы орасан зор. Шаңырақ көтергеніне 15 жылдың жүзі болған Ассамблеяның қоғамға қаншалықты қажет екендігін өмірдің өзі, уақыттың өзі дәлелдеді.
Ассамблеяның жұмысы жөнінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Қуанышбай Төлебаев хабарлама жасады. Халықтар достығын нығайту тұрғысынан облыс республикада алдыңғылар қатарында. Бірер күн бұрын облыстық достық фестивалінің тұсауы кесілді. Ол жыл аяғына дейін жалғасады. Осы шараны қаладағы жиырмаға жуық орта, арнаулы орта және жоғары оқу орындары іліп әкетіп, өз ұжымдарында достық фестивальдерін өткізуде. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының 15 жыл ішіндегі жұмысын баяндайтын кітап жарық көрмек, облыстық, қалалық телеарналар арнайы бейнефильм түсіруді жоспарлауда. Ассамблея жұмысын "Хабар" телеарнасы да жан-жақты насихаттамақ. Кеше ғана аса маңызды саяси құжат - «Ел бірлігі» доктринасы Елбасының мақұлдауымен Үкіметке жолданды. Енді Үкімет арнайы бағдарлама жасақтауы тиіс. Бағдарлама қабылданғаннан кейін этномәдени орталықтардың жұмысы да ерекше жанданатын болады.
Мәжіліс соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамына жаңадан мүшелікке қабылданғандарға куәлік тапсырылды.