Қазақстан халқы жаңару, инновациялық индустрияландыру және болашақтың технологиялық топ жару идеялары маңына топтасқан - Елбасы
Бұл туралы бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Тәуелсіз Қазақстан: Бейбітшіліктің, Келісімнің және Жасампаздықтың 20 жылы» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан халқы жаңару, инновациялық индустрияландыру және болашақтың технологиялық топ жару идеялары маңына топтасқан», - деп атап өткен Елбасы кеше ҚР Үкіметінің кеңейтілген мәжілісін өткізгендігін, оған атқарушы және жергілікті билік органдарының қатысқандығын атап өтті. Осы алқалы жиынға Ассамблея мүшелері де арнайы шақырылып, мемлекеттің болашақтағы және қазіргі күндегі міндеттерімен жете танысқандығын тілге тиек етті.
«Қазақстанның этномәдени орталықтары бұған барынша белсенді қатыса алады және қатысуы да керек», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Н.Назарбаев Алматы облысына қарасты Үштөбе қаласындағы кәрістер қауымдастығының жаңа технологиялар бойынша жыл бойы көкөніс өсіретін бірегей жобасын мысалға келтірді. «Жобаның қуаты 150 тонна көкөніс. Жылыжай аумағы 1600 шаршы метр. Бірінші жылыжай қазір алғашқы өнімін беруде. Дәл осындай екі жылыжай ағымдағы жылы салынатын болады. Сонымен қатар осы жоба аясында оқу орталығы құрылған. Онда кешенде жұмыс істейтін маман, немесе жұмысшы дайындықтан өтеді», - деген ҚР Президенті дәл осындай шаруамен басқа да азаматтардың айналыса алатындығын, бұл орайда жергілікті әкімдіктер осындай бастамаларға қолдау білдіруі керектігін баса айтты.