Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құрметіне Ақмола облысы Оразақ ауылында футболдан дәстүрлі жарыстар өтті

АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құрметіне Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Оразақ ауылында футболдан дәстүрлі жарыстар өтті.
None
None

Халықтар бірлігі мейрамына арналатын жарыстар биылсегізінші рет өткізілді. Оған Ақмола облысының әр өңірінен және Астана қаласынан барлығы тоғыз команда қатысты. Атап айтсақ, Астана қаласынан - «Саңыраулар мен мылқаулар» қоғамының жастарынан құралған команда және «Әлім» құрама командасы, Ақмола облысынан - Қорғалжын ауданы Қарғалы ауылының, Целиноград ауданы Отаутүскен ауылының құрама командалары, сондай-ақ Оразақ ауылдық округінен бес команда - «Оразақ» және «Бірлік» ауылдарының былғары доп шеберлері, «Искаковтар» шаруа қожалығының футболшылары, «Оразақ футбол ардагерлері» және №27 орта мектептің құрамалары қатысты.

Турнирдің дәстүрлі түрде Оразақ ауылында өткізілуі кездейсоқ емес. 2003 жылы жарысты өткізу туралы бастама көтеріп, оны алғаш ұйымдастырған осындағы футбол мектебінің түлектері Бақтыбай Таксимов, Сәрсенбек Балабеков, Кенжебек Еженов, Данат Мұқамбетқалиевтер болатын.

Бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын көпшілікке насихаттау мақсатын тұтқан шараны құттықтау сөзімен Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Манат Жүнісов ашты. Ол әр командаға жеңіске жетулерін тілеп, спортшылардың жаттығуына және демалуына қажетті жағдай жасау мақсатында ауданның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалар мен жасөспірімдер футболын және басқада спорт ойындарын дамытуға күш салатын баса айтты. Одан кейін бәсекеге қабілеттілік дені сау ұлттан басталатынын ұдайы қаперінде ұстанатын әкім турнирді алғашқы болып бастап берді.

Финалда бұрын да жеңімпаздар қатарында көрініп жүрген «Оразақ» ауылының құрамасы мен жаңадан құрылса да жақсы дайындықпен келген «Бірлік» ауылының командасы өнер көрсетті. «Бірін бірі ала алмай», 1:1 есебімен келе жатқан командалардың тағдырын «Бірлік» ауылы футболшыларының 11 метрлік қашықтықтан қақпаға соққан доптары шешті. Сөйтіп, бірінші орынды және турнир Кубогын «Бірлік», екінші орынды «Оразақ» құрамалары иеленді, ал үшінші орынды Искаковтар шаруа қожалығы мен «Оразақ ардагер футболшылар» командалары өзара бөлісті.

Қатысушылар бірнеше аталым бойынша да марапатталды. Мәселен, Оразақ құрама командасының шабуылшысы Әкім Қуатов - ең үздік мерген, Мерей Зейнуллин мен Бауыржан Ибрагимовтар шеберлік танытқан ең жас ойыншы атақтарына ие болды.

Жарыстың бас төрешісі,ардагер футболшы Қанат Ибраевтың айтуынша, турнирдің ауқымы жылдан жылға кеңейіп, оған қызығушылық танытып отырғандардың қатары артып келеді.

Ойын туралы пікірін білдірген, Ауған соғысының ардагері, ардагер футболшы Қайрат Кәкенов та оның қызықты өткенін жеткізді. «Әсіресе, №27 орта мектептің футболшылары (жаттықтырушылары Н.Еженов, Е.Таксимов) жас балалар болса-дағы әдемі комбинация ұйымдастырып, техникасы жетілген ойын көрсетті. Жас футболшылардың ойыны кәсіби спортшыларға бергісіз таласта өтті. Қақпаға соғылған әр допқа қуанып, команда болып ұйымдаса білетіндерін көрсетті. Ертеңгі күні осы балалардан еліміздің намысын қорғайтын футболшылар шығатынына сенімім мол», - дейді ол.

Елбасының бұқаралық спортты дамыту тапсырмасын орындау мақсатында Оразақ ауылында алдағы уақытта жастардың жазғы демалысын ойдағыдай өткізуі үшін стритбол (көше баскетболы), Спорт күніне арналған жеңіл атлетикалық кросс, «Президенттік қашықтық-денсаулыққа апарар жол» атты акциясын, жеңіл атлетикадан шағын марафон ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ауыл көшелері арасында «Былғары доп» жүлдесі үшін футболдан жарыстар, мереке күндері түрлі спорттық сайыстар өткізілетін болады.

Жергілікті әкімшіліктің пікірінше, ауылда бұқаралық спорттың дамуына аға-буын спортшылардың қосып отырған үлестері сүбелі. Себебі олар бұған дейін аудан және облыстың бірнеше дүркін чемпиондары атанған болатын. Құрметті спортшылардың арасында: Таксимовтардың, Жанпейсовтердің, Искаковтардың, Жанділдиндердің, Кәкеновтердің жанұялары, ардагер футболшылар Қанат Ибраев, Теңлік Тәукенов, Аманбек Жөкетаев, Науқан Еженов, Қайрат Какенов, Бақтыбай Таксимов, Сәрсенбек Балабеков, Кенжебек Еженов, Данат Мұқаметқалиев, қазіргі Оразақ құрама командасында ойнап жүрген ағайынды Арман мен Ерлан Әбеновтер, Әкім Қуатов, Мейрам мен Әсет Жанпейсовтер, Сайлау Арыстанов және тағы басқалары бар.

Соңғы жаңалықтар