08:54, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Қазақстан халқының жағдайының жақсаруы Орталық Азияның барлық аймағына тек оң әсер әкеледі - Душанбедегі кездесу
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат – Душанбеде Қазақстан Республикасының Елшілігі Тәжікстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығымен бірлесіп кеше, сәрсенбі күні «Орталық Азия: Еуропаға жол» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» отырысын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат сыртқы саясат ведомствосына сілтеме жасап. Конференция жұмысына қоғам және саясат қайраткерлері, сарапшылар, ғалымдар мен академиктер, сондай-ақ Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Түрікменстан дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты. Алғысөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Әбутәліп Ахметов жиналған қауымды елде қабылданған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы жайлы хабардар етті. Сонымен қатар қазақстандық дипломат қонақтарды біздің еліміздің қоғамдық-саяси саладағы заманауи жетістіктерімен, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету перспективасымен таныстырды. Кездесуге қатысушылар, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа белсенді ықпалдасып отырғанын, ел халқының тұрмыс деңгейі мен жағдайының жақсаруы Орталық Азияның барлық аймағына тек оң әсер алып келетінін атап көрсетті. Шетелдік дипломаттар, Қазақстанның конфессияаралық диалогтың жаңа жолдарын іздестіріп жатқанын, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып отырғанын да атап көрсетті. Қазақстанның келесі жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі батыс елдерінің назарын Орталық Азия аймағына аударуға мүмкіндік беретінін айтты.