18:55, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
«Қазақстан халық банкі» АҚ-ның ақшалары мен жылжитын және жылжымайтын мүлкі операцияларына шек қойылды
АЛМАТЫ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Қазақстан халық банкі» АҚ-ның ақшалары мен жылжитын және жылжымайтын мүлкінің операцияларына шек қойылуы банктің тұрақтылығына ешқандай қауіп төндірмейді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қаржы институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл туралы банктің интернет сайтында орналастырылған мәтінде де айтылған. Онда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының анықтауымен наурыздың 2-сінде банктің үстінен жасалған шағым бойынша 12 138 852,00 теңге көлеміндегі ақша мен жылжитын және жылжымайтын мүлікке шек қойылғаны хабарланған болатын. Бүгін осыған байланысты банк өз тарапынан түсініктеме таратып отыр. Құрылыс ұйымдарының бұл шағымы банк пен мердігер арасындағы даудан кейін жасалған. Шағымданушылардың арызын қанағаттандырған соттың бұл анықтауы банктің пайымдауынша, негізсіз және заңға қайшы. Сол себепті олар да өз келіспеушіліктерін білдіріп қарсы шағым түсіріп отыр. Шектелінген мүліктің бағасы банктің капиталы мен активтерінің құнымен салыстырғанда айтарлықтай деңгейде емес. Банк сот анықтаған бұл ұйғарым оның өз операцияларын жүзеге асыруы мен клиенттерге қызмет көрсетудегі мүмкіндігіне еш әсер етпейді деп санайды.