Қазақстан ИКҰ-на төрағалық етуі жылында Бахрейн біздің елімізбен жан-жақты ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі
Сұхбат барысында екіжақты мәселелер талқыланды. Бахрейннің жоғарғы басшылығы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның үдетілген индустриялдық-инновациялық дамуы бастамасын жүзеге асыру үшін өз елінің инвесторларының, сондай-ақ Манамада орналасқан араб және шетелдік банктердің осы шараға бірлесе қатысуларын жан-жақты құптайтындығын білдірді.
Сол күні Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі және Бахрейн Корольдігінде Елші қызметін қоса атқарушы Қайрат Лама Шариф Бахрейн Премьер-Министрі Халифа бен Салман Әл Халифаға биылғы 7-9 маусымда Астанада өтетін 7-ші Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысуға ресми шақыруды тапсырды. Қазақстандағы «исламдық Давосты» өткізу мақсатында аталмыш шараға шақырылған тұлғалар жөнінде мәлімет берді. Бахрейн Үкіметінің басшысы шақыруды ризашылықпен қабыл алды және өз елінің Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуды қалайтындығын жеткізді. Атап айтқанда, оған біздің республикамызда исламдық банкинг жүйесін дамыту бағытында техникалық көмек көрсету және осы салада қазақстандық мамандарды дайындау жатады. Қазақстандық дипломат қаржы саласындағы ынтымақтастықтың барлық алғышарттарға ие екендігін және оның қазақ-бахрейн қарым-қатынастарының негізі бола алатындығын атап өтті.
Бахрейннің Сыртқы істер министрлігінде Елші Қайрат Лама Шариф ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың биылғы 28-30 маусымда Астанада өтетін Ислам Конференциясы Ұйымына мүше-мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына қатысу үшін Корольдік сыртқы саяси мекемесінің басшысы шейх Халед бен Ахмед бен Мұхаммед Әл Халифаға жолдаған шақыруын табыс етті. Тараптар ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің күн тәртібіне енгізілген аймақтағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың шарт-құқықтық негізін нығайту жолдарын талқылады. Қазақстан тәуелсіздігінің 20-жылдығы мен Бахрейн тәуелсіздігінің 40-жылдығын атап өту жылында сауда-экономикалық; инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімдерге, сондай-ақ Қазақстан мен Бахрейн Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар бойынша өзара түсіністік меморандумына қол қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.