Қазақстан информатикадан халықаралық олимпиада туын Ресей Федерациясына табыстады (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Айта кетейік, XXVIII олимпиаданы өткізуге Жапония мен Əзербайжан қалалары да үміткер болатын.
Зияткерлік сайыс Қазан федералды университетінің базасында өтеді. Олимпиада туын "Дарын" республикалық ғылыми практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева Қазан федералды университетінің ректоры Ильшат Гафуровқа табыстады.
"Олимпиаданы өте жоғары дəрежеде өткізген қазақ бауырларымызға үлкен алғыс айтқымыз келеді. Сіздер олимпиада байрағын өте жоғары көтердіңіздер. Біз де сол тудың төмендемей сол дəрежеде қалуы үшін бəрін жасайтын боламыз. Ресей Федерациясы Қазан Федералды университетіне осы олимпиаданы өткізу міндетін сеніп тапсырды. Олимпиаданы абыроймен атқарамыз деген үміттемін", - деді университет ректоры Ильшат Гафуров.
Қазан федералды университеті Ресейдің көне оқу орындарының бірі. Былтыр оқу орнының қалыптасқанына 210 жыл толды.
Қазіргі таңда Қазан Федералды университеті Ресейдің жетекші ЖОО-ларының рейтингін көтеру жобасына қатысып отырған бірден-бір университет. Оқу орны негізінен медицина, фармацевтика, мұнай өндірісі, ақпараттық, аэроғарыштық технологиялар саласындағы мамандар əзірлейді.