12:30, 02 Наурыз 2012 | GMT +5
Қазақстан көрші елдерді өзара тиімді және тең құқылы ұстанымда барлық даулы су шаруашылығы проблемаларын шешуге күш-жігерді біріктіруге шақырады - Н.Назарбаев
АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан көрші елдерді өзара тиімді және тең құқылы ұстанымда барлық даулы су шаруашылығы проблемаларын шешуге күш-жігерді біріктіруге шақырады.

Бұл туралы бүгін Ақордада елімізде тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Орталық Азияның су-энергетикалық әлеуетін нығайту перспективалы бағыт болып табылады. Біз көршілерімізді өзара тиімді және тең құқылы ұстанымда барлық даулы су шаруашылығы проблемаларын шешуге күш-жігерді біріктіруге шақырамыз», - деді ҚР Президенті.
Сондай-ақ Елбасы Қазақстанның уран қорының әлемдегі ірі иеленушісі ретінде бейбіт ядролық энергетиканы дамытуды жоспарлап отырғандығын баса айтты. «Бұл біздің еліміздің, біздің өңірдегі барлық елдердің, бұл саладағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделік танытқан біздің барлық сыртқы әріптестеріміздің мүддесіне сай», - деді Н.Назарбаев.