Қазақстан қоржынында төртінші «алтын», Светлана Подобедова Олимпиада рекордын екі мәрте жаңартты

Қазақ елінің намысын қорғаған Светлана Подобедова Қазақстан құрамасының қоржынына 4-ші алтын медальді салды. Сонымен қатар ол жұлқа көтеру жаттығуында бір мәрте әлем рекордын жаңартты.
Алғашқы жаттығуда Светлана 130 келіні бағындырып, Олимпиада рекордын жаңартқан болатын. Дегенмен, одан кейін жарыс жолына шыққан ресейлік Наталья Заболотная біздің спортшы көтерген салмақтан 1 келіге артық тапсырыс беріп, Олимпиада рекордын екінші мәрте жаңартуға мүмкіндік алды.
Ал серпе көтеру жаттығуында біздің зілтемірші 156 келі көтеріп, екінші мәрте Олимпиада рекордын жаңартқанды. Іле-шала жарыс жолына шыққан ресейлік Наталья Заболотная 160 келіні көтеріп, Олимпиада рекордын 2-ші мәрте жаңартты.
Зілтемірді соңғы - үшінші мәрте көтеру мүмкіндігінде біздің Светлана орыс қарсыласынан 1 келіге артық тапсырыс беріп, 161 келіні басынан асырды. Осылайша, бір жарыста үш мәрте Олимпиада рекордын жаңартуға мүмкіндік алды.
Айтпақшы, өткен жылы Парижде өткен әлем чемпионатында Светлананың алдын орап, чемпион атанған ресейлік тағы бір спортшы Надежда Евстюхина осы жолы алғашқы жаттығуда үш мәрте 125 келіні көтере алмай, жарыс жолынан шығып қалды.