Қазақстан көтерген Олимпиада байрағын түсірмеуге тырысамыз - Қазан Федералды университетінің ректоры И. Гафуров

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда информатикадан 27-ші халықаралық Олимпиада аяқталды. Алматы Олимпиада эстафетасын ресми түрде Ресейдің Қазан қаласына табыстады.
None
None

2016 жылғы олимпиада Қазан Федералды университеті базасында өтеді.

Оқу орнының ректоры Ильшат Гафуров қазақстандық әріптестерінің атқарған жұмысын өте жоғары бағалады.

«Қазақстан Олимпиада туын өте жоғары деңгейге көтерді. Оған ең көп қатысушылардың бақ сынағаны дәлел болады. Біз сол деңгейді төмен түсіріп алмауға тырысамыз. Қазақстандағы олимпиаданың ерекшелігі қатысушылар жергілікті елдің мәдениетімен, ұлттық дәстүрімен, тарихымен, Алматының көрнекті жерлерімен танысты. Біздің де қазақ елімен тарихымыз бір. Қазақ халқы мен татар халқы бауырлас халықтар. Сондай-ақ, бұрын бір ортақ елде өмір сүрдік. Менен сұхбат алған журналист автоматты түрде қазақ тіліне көшіп кетті. Оның сұрағын мен аудармасыз түсініп, автоматты түрде татарша жауап бердім. Мен ойлаймын, көгілдір экранның аржағындағы көрермен менің айтқанымды түсінді», - деді Ильшат Гафуров.

Қазан қаласының өкілі қазақстандықтарды олимпиаданы сәтті өткізуімен құттықтады.

«Ұйымдастыру жұмысы оңай емес. Соны абыроймен атқарғандарыңызға қуаныштымын. Біз де аз-кем дайындығымызды бастап кеттік. Университетімізде 2013 жылы универсиада өткенін білесіздер. Жақсы инфрақұрылым қалыптасқан. Осы қазір Қазанда су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Еріктілер мен қатысушылар да университет кампусында орналасты», - деді ол.

Айта кетейік, шілденің 26 мен тамыздың 1 аралығында əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында информатикадан халықаралық олимпиада өтті. Оған әлемнің 83 елінен 630 делегат келді.

Отандық құраманың еншісінде 4 медаль бар екендігін атап өту керек. Бекжан Бекболатұлы мен Мейрамбек Өмірзақ, Найзабек Алтыбай (415 және 414, 402 балл) күміс медальді еншілесе, Данияр Маминов 323 балмен қола медальға қол жеткізді.

Сайыстың абсолютті чемпионы Оңтүстік Кореядан келген Джи Хак Юн екенін айта кету керек. Одан кейін ресейлік Михаил Ипатов - 561 балл, АҚШ-тан келген Эндрю Хе 555 балмен үшінші орынға тұрақтады.

Соңғы жаңалықтар