Қазақстан құрамасы мектеп оқушыларының математикадан халықаралық олимпиадасында бесінші орын алды

Халықаралық Математикалық олимпиадаға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов құттықтап, оларға ғылыми табыстарға жетуде сәттілік тіледі.
Салтанатты жабылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі, Халықаралық математикалық олимпиадаға дайындық және оны өткізу жөніндегі Үкіметтік ұйымдастыру комитетінің төрағасы Жансейіт Түймебаев Елбасының білім алуға талпынған жастарға қамқорлығын ерекше атап өтті.
Жансейіт Түймебаев посткеңестік елдер арасында алғаш рет әлем оқушыларының арасындағы беделді интеллектуалдық сайыс - Халықаралық Математикалық олимпиаданың өтуі халықаралық олимпиадалық комитеттің жас қазақстандық математиктердің жетістігін мойындағандығы деп атап өтті. Бұған тағы бір дәлел ретінде өткен жылы жарияланған математикалық білімнің сапасын TIMSS халықаралық салыстырмалы зерттеудің қорытындысы бойынша қазақстандықтар әлем оқушылары арасында 5-ші орынға ие болғандығын айтуға болады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі дарынды балалардың ғылымға деген талпынысын барынша қолдайды. Мысалы, жас қазақстандықтар соңғы жылдары келесі халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысты: Халықаралық Математикалық олимпиада, Балкан математикалық олимпиадасы, Батыс-Қытай математикалық олимпиадасы, «Математика және жобалау» халықаралық конкурсы. Жоғарыда айтылған және басқада халықаралық деңгейдегі сайыстарда жас қазақстандықтар 62 медальға ие болған. Олардың 8 - алтын, 17 - күміс, 37 - қола.
Олимпиаданы Қазақстанда өткізу еліміздің әлемдік деңгейдегі имиджінің нығаюына және халықаралық білім беру және ғылыми байланысты одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Олимпиадаға қатысушыларды қарқынды дамып келе жатқан елімізбен және қазақ халқының мәдени бай мұрасымен, салт-дәстүрлерімен таныстыруға тамаша мүмкіндік.
Халықаралық математикалық олимпиада ағымдағы жылғы шілденің 6-12-сі аралығында «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының базасында өткізілді. Олимпиадаға әлемнің 100-ден астам елінен командалар қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды.
Жалпыкомандалық есепте қазақстандықтар 5-ші орынға ие болды. Оның ішінде 3 алтын, 2 күміс және 1 грамота. Қанат Сатылханов (математика пәнінің мұғалімі - Нұрқиса Доскендірова, жаттықтырушысы - Сергей Полянских, Талдықорған қаласы, №20 мектеп-лицей), Нұрсұлтан Қажымұратов (математика пәнінің мұғалімі - Валентина Корягина, жаттықтырушысы - Сергей Полянских, Талдықорған қаласы, №20 мектеп-лицей), Денис Овчинников (математика пәнінің мұғалімі және жаттықтырушысы - Олег Пак, Алматы қаласы, №134 мектеп-лицей) алтын медальдарға ие болса, Рауан Рахмет (мұғалімі және жаттықтырушысы - Муаммер Гюль, Астана қаласы, қазақ-түрік лицей), Медет Жанболатов (мұғалімі - Жанат Байсүйелова, жаттықтырушысы - Дәурен Есмұханов, Алматы қаласы, РАФМОМИ) күміс медальдарға қол жеткізді.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша 1-ші орынды Қытай, 2-ші орынды Ресей, 3-ші орынды АҚШ, 4-ші орынды Оңтүстік Корея иеленді.
Өткен жылдардағы олимпиадаларда медальға ие болған қазақстандық қатысушылар ҚР Президенті Н.Назарбаевтың атына келесі мазмұндағы жеделхат жолдады:
«Әлемнің дамыған елдерінде өткен халықаралық олимпиадаларға қатыса отырып, біз «Қазақстан осындай деңгейге қашан жетеді екен деп?» ойлайтынбыз. Сіздің басшылығыңызбен мақсатты дамып келе жатқан еліміз прогресс жолына шықты. Біздің елде жақсы өмір сүру мен мәдениет қатар дамып келеді. Осының нәтижесінде біздің де жас астанамызда 51-ші Халықаралық математика олимпиадасы өтіп жатыр. Бұл да Сіздің жүргізіп отырған салиқалы саятыңыздың арқасында.
Жастардың осындай халықаралық олимпиадаларға қатысуы үшін барлық жағдай жасағаныңызды ешқашан ұмытпаймыз. Біз бұдан былай да еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға, өз халқымызға адал еңбек етуге, аға ұрпақтың сенімін ақтауға тырысамыз».
Олимпиада қатысушылары үшін ерекше мәдени-танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды.