Қазақстан қырғыз еліне қажетті жанармайды толық көлемде жеткізетін болады

Бүгін Үкімет үйінде қырғыз еліне гуманитарлық көмек көрсету мәселелері бойынша өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осы мәселе бойынша арнайы тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жанар-жағармай мәселесі бойынша Мұнай және газ министрлігіне Қырғызстанға жөнелтілетін квотаны белгілеуді тапсырамын», деді Премьер-Министр.
Жиын барысында ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бешімбаев еліміздің Қырғызстанмен бірлесіп осы елге көмек көрсету жоспарын пысықтағанын мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі күні қазақ-қырғыз үкіметтері бірлесіп дағдарысқа қарсы жоспарды пысықтаған. Бүгінгі күні аталмыш жоспар Ресейдің Қаржы министрлігі мен ЕурАзЭҚ дағдарысқа қарсы қорына жіберілді. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, дағдарысқа қарсы жоспар бірінші кезектегі шаралар мен орта мерзімдік шараларды қамтиды. Бұл ретте бірінші жедел шаралар қырғыз елінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, зардап шеккен аумақтарда тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырады.
Орта мерзімдік шаралар энергетикалық, азық-түліктік және Қырғызстандағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарды одан ары қалпына келтіру шараларына бағытталған.