Қазақстан қырғыз тауарларын баж салығынсыз әкелу туралы мәселені Кеден одағының қарауына шығаруға әзір

Бұл туралы бүгін Үкіметте қырғыз еліне гуманитарлық көмек көрсету мәселелері бойынша өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бірінші орынбасардың айтуынша, бұндағы баж салығы жеңілдіктері басқа елдерде өндіріліп, Қырғызстанда олар тек оралатын тауарларға жүрмеуі шарт. «Қырғыз елінде шығарылған тауарларды лицензиялау мен сертификаттау мәселесі осы ел Үкіметінің жауапкершілік аясына қамтылуы керек. Сонымен бірге, бұнда белгілі бір жүйелілік қажет етіледі. Мәселен, егер тауар Қырғызстан Үкіметі бекіткен қағазбен бірге келетін болса, онда біз бұл тауарды сол елде шығарылған деп санаймыз. Және біз баж салығын алып тастау туралы мәселені шешу үшін, оны Кеден одағы комиссиясына шығаруға әзірміз», деді Ө. Шөкеев.