Қазақстан Қытаймен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті - ҚР СІМ басшысы

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының экономикалық аспектісі нығая бермек, деп мәлімдеді бүгін Бейжіңде ҚР СІМ басшысы Ерлан Ыдырысов ғылыми орта өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде.
None
None

ҚР СІМ басшысы Қазақстан жуырда 2020 жылға дейінгі жаңа сыртқы саяси тұғырнаманы қабылдағанын, оған «Қазақстан-2050» Стратегиясы алғышарт болып отырғанын жеткізді.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы елімізді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосуды көздейді. Бұл ретте ол Қытайдың 2049 жылға дейінгі мақсат-жоспарларына сай келеді», - деп атап өтті Е. Ыдырысов.

Ары қарай ол Қазақстанның сыртқы саясатындағы жаңа мақсаттардың қатарында елдің «жасыл экономикаға» көшуін атап өтті. «Жасыл экономиканы» құру үшін жоғары экологиялық, энерготиімді стандарттарға негізделген инфрақұрылымды дамыту үшін еліміз шетел тәжірибесін тартуға ниетті», - деді ол. «Жасыл экономиканың» мақсаттарына жетудегі маңызды элемент Астанада өтетін «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі болмақ.

Қазақстандық тарап «Ұлы Жібек жолының экономикалық белбеуі» жобасын құруға белсенді қатысуға дайын. Жоба экономика, сауда, инвестиция, мәдениет тұрғысындағы ынтымақтастық орнату мен екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы 5 қаңтарда Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 22 жыл толды. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемі 2013 жылы 104 млн. доллардан (1992ж.) 28,5 млрд. долларға дейін көтерілді.

Соңғы жаңалықтар