Қазақстан лаңкестермен күресте әрқашан бізбен бірге болатынына сенеміз - Түркия СІМ М.Чавушоғлы.

«Біз Қазақстанның аймақтық, халықаралық қатынастардағы жұмыстарын көріп отырмыз. Біз Қазақстанның осы бағыттағы бастамаларына әрқашан қолдау танытатын боламыз. 2016 жылдың 15 шілдесінде елімізде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандардың оқиғасынан кейін Қазақстан бірінші болып бізге қолдау көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың оқиғадан кейін бірінші болып елімізге келгенін айта кету керек. Оқиғадан кейін Президент Н.Назарбаев Түркия президентіне телефон соғып қолдау білдірді, әріптесім Ерлан Ыдырысов та бірден телефон арқылы маған хабарласты. Қазақстан лаңкестермен күрсте әрқашан бізбен бірге болатынына сенеміз», - деді М.Чавушоғлы.
Брифингте «Анадолу» агенттігінің журналистері Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтан жазда Түркияда болған әскерилер төңкерісінен соң Қазақстанның қандай іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын сұрады.
Бұл сұраққа Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы лаңкестік ұйыммен күрестегі Түркия үкіметінің әрекетін әрқашан қолдайтынын айтты.
«Біз біріншідін, лаңкестік ұйыммен күрестегі Түркия үкіметінің әрекетін әрқашан қолдаймыз. Аталған мәселе екі ел президенттері деңгейінде талқыланды. Қазақстан мен Түркияның жұмыс тобын құрдық, жақында түрік делегациясы Қазақстанда болды. Жұмыс тобы біздің білім саласындағы ынтымақтастық және қазақ-түрік бизнесінің ықпалдастығын талқылады», - деп жауап берді Ерлан Ыдырысов.