19:57, 23 Сәуір 2013 | GMT +5
Қазақстан мен АҚШ-тың өзара тиімді іс-қимылды кеңейту үшін әлеуеті жетерлік - С. Ахметов
АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісі Роберт Блейкті қабылдады.
Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу барысында тараптар екіжақты байланыстарды дамытудың ауқымды мәселелері, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.
С.Ахметов атап өткендей, «1993 жылдан бері Қазақстанға 24 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды, 300-ден астам бірлескен кәсіпорындар құрылды». Оның сөзіне қарағанда, өзара тиімді іс-қимылды кеңейту үшін екі елдің әлеуеті жетерлік.
Өз кезегінде, Р.Блейк «ҚР мен АҚШ-та екіжақты қарым-қатынастың түрлі аспектілерін кеңейтіп, тереңдете түсуге мүмкіндіктер мол», дей келіп, ғылыми-техникалық саладағы байланыстар, гуманитарлық әріптестік пен технология алмасуды дамытуды жақтайтынын айтты.