Қазақстан мен АҚШ жарамдылық мерзімі 5 жылға дейінгі көп мәртелік визаларды бере бастайды
ҚР мен АҚШ арасында өзара түсіністік қағидаты негізінде жарамдылық мерзімі 5 жылға дейінгі көп мәртелік визаларды өзара беру туралы уағдаластықтың күшіне енуіне орай ноталармен алмасу болып өтті. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен мәлім етті.
Қазақстан және АҚШ биылғы жылдың 1 тамызынан бастап өзара негізінде жарамдылық мерзімі 5 жылды құрайтын көп мәртелік дипломатиялық, қызметтік, іскер, туристік, жеке және студенттік визаларды бере бастайды. Осыдан бұрын визаларды өзара берудің мерзімі 1 жылдан аспайтын болатын.
Аталған уағдаластық қазақстан-америкалық стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, туристік және басқа да байланыстарды нығайтуға, және сонымен қатар қос мемлекет азаматтарының өзара сапарлары шарттарын мейлінше жеңілдетуге бағытталған.