17:13, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Қазақстан мен Армения қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ететін келісім заңмен негізделмек
АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге 2006 жылғы 6 қарашада Астана қаласында қол қойылды. Үкімет осы келісімді заң түрінде бекіту үшін Мәжілістің қарауына берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталған Келісімге қол қою екі мемлекеттің экономикасына инвестицияларды ынталандыру үшін зор мүмкіндіктер беретін Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының қарым-қатынастарын дамытуда маңызды оқиға болып табылады.
Тұтастай алғанда, осындай келісімдер саяси факторлардың салдарынан туындайтын қолайсыз салдардың тәуекелін халықаралық-құқықтық деңгейде төмендетуге арналған. Бұл ретте олар инвестицияларды сақтандыруға байланысты шығындарды төмендетуге ықпал етеді және жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін қосымша шығыстарды болжамайды. Келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға және өзара пайдалы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Мәселен, Келісімде Қазақстан мен Арменияның инвестицияларына және инвесторларына қатысты өзара әділ әрі кемсітпейтін режим ұсыну көзделеді.
Келісім Қазақстан Республикасының қолданыстағы инвестициялық заңнамасында көзделгендегіден өзгеше ережелерді белгілейтін бірқатар қағидаларды қамтиды.
Атап айтқанда, инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы міндеттемелерден туындайтын дауларды шешу рәсімдерінің айырмашылығы бар.
«Инвестициялар туралы» Заңның 9-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес инвестициялық даулар Қазақстан соттарында, сондай-ақ халықаралық төрелік соттарда келіссөздер жолымен шешілуі мүмкін. Бұл ретте Заңның 9-бабының 3-тармағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инвестицияларға жатпайтын дауларды шешуді көздейді.
Алайда, Келісімнің 9-бабында бір Тарап мемлекетінің инвесторы мен екінші Тараптың мемлекеттік органдары арасындағы кез-келген, оның ішінде инвестициялыққа жатпайтын дау халықаралық төрелік инстанциялардың қарауына берілуі мүмкін деп белгіленген. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 11-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелерді белгілейтін халықаралық шарттар ратификациялануға тиіс. Осы заң жобасын қабылдау республикалық бюджет қаражатына қаржы шығындарына әкеп соқпайды.