Қазақстан мен Австрия арасындағы 2011 жылғы тауар айналымы 4 млрд. долларды құрады - Нұрсұлтан Назарбаев
Бұл туралы бүгін Венадағы «Хофбург» сарайында Австрия Республикасының Федералдық Президенті Хайнц Фишермен шағын және кеңейтілген құрамдарда өткен кездесулерден кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.
«Бәрінен бұрын Австрия Республикасының Президенті мырзаға шақырғаны үшін, бір-біріміздің арамыздағы көп жыл бойы достық сезімі үшін және біздің әріптестігіміздің одан әрі дамуының маңызды кезеңі болатын бүгінгі сапар үшін алғысымды білдіремін», - деп атап өтті Н.Назарбаев өзінің алғысөзінде.
Президенттің айтуынша, Австрия Қазақстанның Еуропадағы сауда және инвестициялар бойынша ірі серіктесі болып табылады. Бұл ретте Н.Назарбаев сондай-ақ Қазақстанның да Австрияның посткеңестік кеңістіктегі ірі серіктесі болып табылатынын, өйткені мұнда пайдаланылатын мұнайдың 37 пайызы біздің елімізден жеткізілетінін атап өтті.
«Бүгінде қомақты австриялық инвестициялар бар, бізде 100 біріккен кәсіпорын жұмыс істеуде, тауар айналымы өткен жылы 4 млрд. долларға жетті және бұл ретте 50 пайызға өсті. Биылғы жылдың бірінші жартысында 56 пайызға өсті», - деп қосып өтті Мемлекет басшысы.