Қазақстан мен Австрия президенттері екі ел арасындағы авиарейстер санын кеңейтуге уағдаласты
Өзінің кіріспе сөзінде Х.Фишер Австрия мен Қазақстан 20 жыл бұрын дипломатиялық қатынастар орнатқанын және ол бүгінгі кезге дейін тамаша дамып отырғанын атап өтті.
«Біз үлкен ілгерілеуге қол жеткіздік, мен Президент Назарбаевтың шақыруымды қабыл алып, Австрияға ұшып келгеніне шын мәнінде бақыттымын. Біз бүгін қазіргі күндерге дейін қол жеткізілген нәтижелер, экономикалық ынтымақтастықтың келешегі жайлы әңгімелестік. Соның ішінде энергетика саласындағы ынтымақтастыққа баса назар аударылды. Австриялық және қазақстандық компаниялар мұнай мен газ саласында тығыз ынтымақтасуда, Австрияға мұнай жеткізілімін кеңейтуге әзірлік бар. Бұл біз үшін өте маңызды», - деп атап өтті Австрия Республикасының басшысы.
«Сондай-ақ инвестицияларды өзара қорғау туралы келісім жасалды. Біз Қазақстан мен Австрия арасындағы авиарейстер санын кеңейтуге уағдаластық. Бұдан басқа, біз мәдени ынтымақтастық мәселесін талқыладық, оны да кеңейте түспекпіз. Егер Қазақстан келесі жылғы ақпанда «Өркениеттер арасындағы мәдени ынтымақтастық» тақырыбында өтетін конференцияға қатыса алатын болса қуанышты болар едім. Мен сондай-ақ Президентке Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық академияға мүше болуын ұсындым», - деп қосты Федералдық президент.