Қазақстан мен Беларусь парламентаралық ынтымақтастықты нығайта түседі
Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Кездесуде екі ел басшыларының саяси күш-жігері, сапар алмасу қарқыны, тату көршілестік және өзара құрмет рухы Қазақстан мен Беларусь әріптестігінің берік негізі және кепілі болып табылатыны айрықша аталып өтілді. Бұл тұрғыда парламентаралық ынтымақтастық стратегиялық әріптестікті ілгерілетудің маңызды тетіктерінің бірі болып отыр.
Бұдан бөлек, жүздесу барысында Қайрат Мәми мен А.Рубинов Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Беларусь Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесінің арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжатта екі елдің екіжақты парламентаралық өзара іс-қимылының келешегі көрініс тапты. Атап айтқанда, Келісім Қазақстан мен Беларусь парламенттері жоғарғы палаталарының арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия құруды көздейді.
«Екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы депутаттардың рөлін арттыру және Комиссия алдына қойылған міндеттерді іске асыру үшін бұл құрлымның жеткілікті әлеуеті бар екеніне нық сенемін», - деп атап өтті спикер Қ.Мәми.
Сондай-ақ тараптар ынтымақтастықтың басқа да өзекті мәселелерін талқылады. Екі ел парламентшілерінің интеграциялық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылын белсенді түрде үйлестіріп отыруы аталып өтілді.